Футбол әлеміндегі жаңа Пеле

Футбол әлеміндегі жаңа Пеле
Фото: xuehua.us

Аты аңызға айналған әйгілі бразилиялық футболшы Пелені танымайтын спортсүйер қауым кемде-кем. Оған "футбол патшасы" деп атақ бергені де жұрт есінде. Ал бүгінгінің Пелесі кім?

Жасы 78-ге жақындаған Эдсон Арантис ду Насименту (Пеле) жұрт назарынан тыс қалған емес. Түрлі басылымдарға сұқбат беріп, қазіргі футбол жайлы, ойыншылар жайлы өз ойын айтып жүреді. Жуырда France Football басылымына берген сұқбатында қазіргі ойыншылардың қабілет-қарымын тілге тиек еткен. Оның ішінде өзінің жетістігін бүгінде басып озатын ойыншы болса, ол Килиан Мбаппе деп атаған.

- Ол 19 жасында әлем чемпионы атанды. Ал мен 17 жасымда чемпион болдым. Көпшілік оны өзіммен салыстырғанды әзіл деп қабылдайды. Расында бұл әзіл емес. Ол жаңа Пеле бола алады, - дейді бразилиялық аңыз ойыншы.

Килиан Мбаппе CIES Football Observatory сараптамалық компаниясы ақпараты бойынша әлемдегі ең қымбат ойыншылардың бірі. Трансферлік құны 216,5 миллион еуроға бағалануда.

Футболшы 2018 жылы ПСЖ командасымен Франциядағы ішкі жарыстардың барлығында жеңіске жетті. Франция құрамасымен әлем чемпионы атанды. Әлем чемпионатындағы ең үздік жас ойыншы марапатына ие болды. Сондай-ақ France Football тағайындаған "Копа Трофей" жүлдесінің алғашқы жеңімпазы болды.

"Алтын допқа" үміткерлер тізімінде төртінші орын алды.

Ө. Сансызбай