Футбол Вишай Шривадданапрабха қызыққан жалғыз спорт түрі емес

Футбол Вишай Шривадданапрабха қызыққан жалғыз спорт түрі емес
Фото: cas.sk

27 қазан күні тік ұшақ апатынан 60 жасында қайтыс болған – Вишай Шривадданапрабха Тайландтағы ең бай адамдардың бестігіне кіретін миллиардер, "King Power Duty Free" дүкендер тармағының негізін салған һәм басшысы болған бизнесмен еді. 2016 жылы Forbes журналы оның байлығын 3,2 миллиард доллар деп жариялаған.

Вишай 2013 жылға дейін Раксриаксорн тегімен жүрген. Ал Шривадданапрабха тегі оның әулетіне Тайланд патшасы тарапынан сыйлыққа берілген екен. Жергілікті әдет-ғұрыптарға сәйкес, патша елде көрнекті жетістіктерге қол жеткізген адамдарға құрметті атақ береді. "Шривадданапрабха" деген сөз "ұзақ мерзімді табыс" дегенді білдіреді. 

Тайланд миллиардері 2010 жылы King Power “Лестер” клубына демеушілік етті кейін оны Милан Мандаричтен сатып алды. Бастапқыда Вишай Лондон клубының бірін сатып алғысы келген. Алайда оның ұлы Айаваттың айтуынша, әкесі Лестермен бір кездесуден кейін-ақ оны сатып алуға шешім қабылдаған. Бұл шешімді қабылдау үшін оған бар-жоғы 30 минут қана қажет болған екен. 

Вишай дәуірінде "Лестер" Азия нарығына дендеп ене бастады. Клубтық атрибуттар Тайланд әуежайларында және Шривадданапрабха тиесілі барлық дүкендерде сатылды. 

Мәліметтерге қарағанда, футбол "Лестер" президенті қызыққан жалғыз спорт түрі емес. Ол ат полосының да нағыз жанкүйері болған. Ол полоға Англияда жүріп қызыққан. Тайландқа қайтқанан соң Вишай жер сатып алып, Бангкокта поло клубын құрған. Бұл аздық еткендей Тайланд ат полосы ассоциациясының негізін қалайды. Оның компаниясы демеушілік ететін "King Power Foxes" командасы Англиядағы бірнеше ат полосы жарысында жеңімпаз атанған. 

Миллиардер ағылшындарда жоқ әдетпен үнемі футбол кездесуінен соң тік ұшақта қайтатын болған. Алғашында оның бұл әдеті жергілікті тұрғындарды таңғалдырған. 

Лестерліктердің айтуынша, ол кішіпейіл, ұялшақ адам болған екен. Бәлкім көптің көзіне түсуді қаламаған ол, осылай тік ұшақпен қайтуды әдетке айналдырған болса керек. Сонымен бірге ол өте жолы болғыш адам болған. “Лестер” Англия Премьер-лигасында сенсация жасап чемпион болған кезде, Вишай казинодан 2,5 миллион фунт-стерлинг ұтып алған. Осыдан соң миллиардер клуб ойыншыларына сыйлық ретінде 19 BMW спорткарының кілтін тапсырған. 

27 қазан күні "Лестер" стадионы “Кинг Пауэр” маңында ол отырған тік ұшақ көкке көтерілгенен соң көп өтпей, тік ұшақтың артқы қалақтарының істен шығуына байланысты көлік тұрағына құлап, жанып кетті. 

Лестер графтығы полиция қызметкерлерінің мәлімдеуінше, тік ұшақта тайландтық миллиардермен бірге оның компаниясында жұмыс істейтін Нурсара Сукнамай мен Кавепорн Пунпарэ және ұшқыш Эрик Сваффер, жолаушы Изабела Роза Лечович болған.

"Қайғылы жағдайда орын алған апат кезінде клуб иесі Вишай Шривадданапрабханың қайтыс болғанын растаймыз. “Лестер Сити” оның отбасы еді", – деп жазылған клубтың ресми баяндамасында. 

Апаттан соң жексенбі күні "Арсенал" футболшылары “Кристал Пэлас” клубына қарсы кездесуде "траур ленталарын" байлап шықты. Ал “Лестер” мен “Саутгемптон” кездесуі басқа күнге қалдырылды. 

Вишай Шривадданапрабханың өліміне арнап Петер Шмейхель ұзақ қоштасу хатын жазса, клубтың бұрынғы ойыншысы Марез "Манчестер Сити – Тоттенхэм" кездесуіндегі жеңіс голын соғып, оны Вишай Шривадданапрабхаға арнады.

Т. Раушанұлы