UFC чемпионы Хабиб Нурмагомедов жақында парфюм шығарады

UFC чемпионы Хабиб Нурмагомедов жақында парфюм шығарады
Фото: Ok

2018 жылдың 7 сәуірінде жеңіл салмақта UFC чемпионы атанған дағыстандық спортшы жуырда «Хабиб Нурмагамедов» деп аталатын иіссу шығаратынын хабарлады. Бұл ақпаратты спортшы өзінің Instagram желісіндегі парақшасында таратты.

Танымал спортшының бұл бастамасына "golden.oud05" парфюм дүкені және иіссу дайындайтын француз фабрикасы қолдау білдірген. Парақшадағы ақпарат бойынша, бұл әтірдің саны шектеулі болмақ. Ал оның иісінің, құтысының қандай болатынын және сатылымға қай уақытта шығатынын Нурмагомедов алдағы уақытта өз парақшасында жариялап отырады.

Осы орайда жаза кеткен орынды болар. Instagram желісінде 4,8 миллион оқырманы бар Хабиб 2 күн бұрын парақшасына қазақстандық кәсіпқой боксшы Геннадий Головкинмен түскен суретін салды. «Танысқаныма қуаныштымын. Келесі кездесуде сәттілік серік болсын. Сен мықтысың!», деп суреттің астына жазба қалдырды.

2012 жылдан бері UFC алаңына жекпе-жекке шығатын Хабиб Абдулманапұлы осы уақытқа дейін 26 кездесу өткізіп, барлығында жеңіске жеткен. Спортшының жасы 29-да, бойы 177 см, салмағы 70 кг. Ресей туын көтеріп шығатын Хабиб UFC-дің үздік файтерлерінің арасында 8-орында тұр. «Қыран» (The Eagle) лақап атымен танымал азамат 1988 жылдың 20 қыркүйегінде Дағыстанның Сильди ауылында спортшылар отбасында дүниеге келген. Әкесі Абдулманап Нурмагомедов еркін күрес және самбо спортынан Украинаның чемпионы атанған. Әкесінің ағасы Нурмагомед Нурмагомедов самбодан 1992 жылғы әлем чемпионатының жеңімпазы. Сонымен қатар, Хабибтің нағашы ағасы да еркін күрестен спорт шебері болған.

Бала күнінен Федор Емельяненко сияқты атақты файтер болуды армандаған бала Хабиб әкесінің бапкерлігімен талай жарыста топ жарды. Осы қарқынмен 23 жасқа толғанда UFC алаңына шығып, бұл ұйымда өнер көрсеткен ең жас спортшы атанды.

Жекпе-жекке келмес бұрын самбо, еркін күрес спортынан талай жетістікке жеткен Хабиб бүгінде өзіндік ерекше техникасымен дараланып, көрерменді сүйсіндіретін әдістер жасайды. Отызға толмай орда бұзған кавказдық азаматтың болашақтағы спорттық мансабындағы жұлдызы жарық.

Біздің үздік мақалаларды Telegram арнамыздан оқыңыз!

А. Қажиев