Андрес Иньестаның "Барселона" сапындағы соңғы ойыны

Андрес Иньестаның "Барселона" сапындағы соңғы ойыны
Фото: eurosport.com

"Иньеста көп гол соқпайды, тіпті нәтижелі пас шығару жөнінен де алда болмауы мүмкін. Алайда ойынның ырғағын үнемі сол ұстайды, сол бақылайды. Сен қай кезде алға ұмтыласың, қай кезде артқа қайтасың – шешетін соның қимылы. Командада мергендер бола береді: Неймар, Это’О, Роналдиньо, Месси... Олар өз жұмысын атқарады, бірақ командада ойынның ырғағы мен қарқынын өз уысында ұстай білетін таланттың болуы – мүлде басқа бақыт. Иньестамен ойнау – ғажап!"(Тьерри Анри).

Андрес Иньеста "Барселона" академиясына 12 жасында келген еді. Міне, содан бері ол бұл жерде 22 жылын өткізді. Ол "Барселона" сапында 674 ойын өткізіп (Иньестадан көп ойын өткізген Хави ғана 767 ойын) 35 гол соқты. 9 рет Испания чемпионы, 6 рет Испания Кубогінің иегері атанды. 4 рет Чемпиондар лигасында жеңіске жетті. Назарларыңызға аты аңызға айналған футболшының "Барселона" сапындағы соңғы ойыны мен қоштасу кешінен фоторепортаж ұсынамыз.

Футбол аңызын жанкүйерлер қошеметпен күтіп алды.

Бұл ойында "Барселона" "Реаль Соседад" клубын 1:0 есебімен ұтты. Жалғыз голды Каутинио соқса да, ойын қаһарманы – Иньеста.

Капитандық белгісін  Мессиге табыстаған футболшы ойынның 81 минутында алаңмен қоштасты. Ойыншылар Андрес Иньестаны қошеметпен шығарып салды.

Ойын соңында "Барселона" ойыншылары Иньестаға қошемет көрсетті.

Бәрі біткесін, түн ортасында Иньеста талай қуанышы, көз жасы, жеңіс пен жеңілісіне куә болған алаң – "Камп-Ноумен" қоштасуға келді.

Т. Раушанұлы