Әлемдегі ең жылдам футболшылар

Әлемдегі ең жылдам футболшылар

Американдық Bleacher Report спорттық басылымы әлемдегі ең жылдам 50 футболшының тізімін жариялады. Тізімге көрші Ресей чемпионатынан алты ойыншы кірген. Олар: Марк Гонсалес, Ахмед Муса, Сейду Думбия ЦСКА-дан (41, 38 және 11-орындар), "Локомотивтен" Майкон, Виктор Обинна (39 және 36-орындар) және зениттік Владимир Быстров (30-орын).

Рейтингті 23 жасар ағылшындық "Арсенал" клубының ойыншысы Тео Уолкот бастап тұр. Оны мамандар Англияның болашақ жарық жұлдызы деп бағалайды. 

Екінші орында Италияның "Парма" клубынан Джонатан Биабиани тұр. Үшінші орынға Қытайдың "Бэйцзин Гоань" клубының ойыншысы Хоффре Геррон жайғасса, төртінші мен бесінші орынды "Колорадо Рапидс" американдық клубтың қорғаушысы Марвелл Уинн мен 19 жасар жапон жартылай қорғаушысы  Рё Мияити бөлісті. 

Сонымен бірге, үздік ондық қатарына колумбиялық "Кальяри" сапындағы Виктор Ибарбо (6-орын), бразилиялық Лукас Моура (7-орын), "Бавариядан" Арьен Роббен, "Тоттенхэмнен" Аарон Леннон және "Миланнан" Иньяцио Абате кіріп отыр. 

Бір қызығы, португалиялық Криштиану Роналду тек 14-орын алса, Лионель Месси 31-орыннан көрінген.

Айта кетерлік жағдай, бұл тізімге еліміздің бірде-бір аяқдоп шебері кірмеген екен.

Дайындаған: Болат Қосмағамбет

суреттер: bleacherreport.com


Б. Қосмағамбет