Роберто Карлостың мұрагері – Марсело

Роберто Карлостың мұрагері – Марсело
Фото: zimbio.com

Әлемдегі бірегей футбол клубы «Реал Мадрид» сапында өнер көрсететін ең үздік қорғаушы – Марсело туралы не білесіз? Үнемі күліп, үнемі жадырап жүретін футболшының өткен күндері жайында ақпарат береміз. 

Бразилия елінің ұлттық құрамасында өнер көрсететін, 12-нөмірдегі Марселоны әлем жақсы көреді. Себебі үздік қорғаушы ғана емес, шабуылшының да міндетін қатар атқара алатын ойыншы үнемі ел ауызында. 

2014 жылдың шілдесінде өткен Әлем чемпионаты кезінде Бразилия командасы Германиядан 7:1 есебімен ұтылып, үлкен жеңіліске ұшырады. Осы кезде алаңда ойына шыққалы тұрған Марсело телефон арқылы суық хабар алады. Өмірде ең сүйіп көретін жаны, өзін осы футболға тәрбиелеген атасы дүниеде өтеді. Ұлттық құрама басшылығы Марселоға атасының жерлеуіне қатысуына рұқсат беріп, қайтармақ болғанда, ерлік танытып алаңда қалады. Бірақ бұл өкінштің арты әлі біткен жоқ. Себебі үшінші орынға талас кезінде Голландиядан 3:0 ұтылған Бразилия елі футболшыларын «жек» көріп кетті десек те болады. 

Марселоны футболға жетектеп әкелген атасының есімі – Педро. Немересін Бразилияның футбол клубы «Флуминенспен» болған ойынға апару үшін атасы соңғы ақшасын берген. Бұл жағдай туралы мынадай естелік бар: атасы Педро соңғы ақшасының ойынды көру түгілі, автобусқа жетпейтінін біліп, ойын автоматына барып, соңғы бағын сынап көреді. Бағы жанғанда ұтыс сәтті шығып, Маресло «Флуминенс» командасымен болған ойынды көре алды. 

Атасының үмітінен шыққысы келген Марсело көптеген қиындықтарды көре отырып, 12 жасында Флуминенс командасының жасөспірімдер қатарына қабылданды. Уақыт өте келе Марселоның жүріп-тұруы үшін, дұрыс тамақтану үшін де ақша жетпей қалатын жағдайға жетті. Ақыры атасы үйдегі көлігін сатып, барлығын немересіне береді.

Марсело туралы тағы бір ерекшелік, ол «Реал Мадрид» командасының жасөспірімдер құрамасына келіп, бірақ ол жерден бірден негізгі құрамаға өтіп кеткен. Себебі оның мүмкіндігі сол деңгейде деп түсіндіреді басшылық. Ол құрамаға келе салған күн Роберто Карлоспен танысып, онымен тығыз қарым-қатынаста болған. Ал уақыт өте келе, Роберто Каролс: «Марсело – әлемдегі сол жақ бұрыштағы ең үздік қорғаушы» деген атақ береді. 

М. Ақан