"Алтын допты" иеленген футболшы президент болды

"Алтын допты" иеленген футболшы президент болды
Фото: thesun.co.uk

1995 жылы "Алтын доп" иегері атанған футболшы Джордж Веа Либерия елінің президенті болып сайланды. 51 жастағы азамат президент сайлауына екінші рет қатысып, басты бәсекелесі Джозеф Бокайды жеңіп шықты.

Футболшы 2005 жылы да президент сайлауына қатысқан болатын. Дауыс беру қорытындысы бойынша Элен Джонсон-Серлифке жол берген еді. Нәтижесінде бәсекелесі Африка құрлығындағы алғашқы әйел президент атанған еді.

Джордж Веа футболдағы мансабында "Монако", ПСЖ (Франция), "Милан" (Италия), ағылшынның "Манчестер Сити" және "Челси", "Марсель" (Франция), "Әл-Жазира" (Сауд Арабиясы) клубтарында ойнаған.

Халықаралық футбол қауымдастықтары Одағы (ФИФА) футболшыны ХХ ғасырдағы Африка құрлығының үздік футболшысы деп таныған.

Айта кетейік, Либерия – Африка құрлығының батысында орналасқан мемлекет. Батысында Сьерра-Леонемен, солтүстігінде Гвинеямен, шығысында Кот д Ивуар елімен шекаралас. Ел астанасы – Монровия. Халық саны - 4 294 000.

Либерия – әлемдегі ең кедей елдердің бірі. Халқының 85 %-ы жұмыссыздар қатарында.

Ө. Сансызбай