Серхио Рамос – соңғы минутта гол соғудың қаһарманы

Серхио Рамос – соңғы минутта гол соғудың қаһарманы
Фото: vk.com

Мадридтік «Реал» жаңа маусымды жарқын жеңіспен бастады. УЕФА Суперкубогын жеңіп алды. Ал команданың капитаны Серхио Рамос соңғы минутта командасын жеңілістен құтқарып, өлшеусіз еңбек сіңірді.

Норвегияның Тронхейм қаласында өткен ойында «корольдік клуб» өткен маусымда Еуропа лигасын жеңген «Севильямен» кездесті. Бұл ойынға мадридтік клуб сапынан негізгі құрамның бірнеше ойыншылары қатысқан жоқ. Атап айтар болсақ, Криштиану Роналду, Гарет Бэйл, Пепе, Тони Кроос «Севильяға» қарсы ойнамады. Десе де «Реал» бапкері Зиннедин Зидан бұл ойыншыларсыз да жеңіске жетудің жолын таба білді.

«Севильяға» қарсы ойын мадридтік клуб үшін оңай болған жоқ. 21 минутта Марко Асенсио есеп ашқанмен, бірінші тайм аяқталар тұста қарсыластары таразы басын теңестірді. Франко Васкес гол авторы атанды. Ал 72 минутта Евгений Коноплянка пенальтиді сәтті орындап, «Севильяны» алға шығарды. Ойынның аяқталуына санаулы секундтар қалғанда Серхио Рамос баспен гол соғып, есепті теңістірді. Капитан командасын жеңілістен құтқарып қалды. Нәтижесінде УЕФА Суперкубогының жеңімпазы экстра-таймда анықталды.

93 минутта «Севилья» сапынан Тимоте Колодзейчак алаңнан қуылды. Ал 99 минутта Серхио Рамос екінші голын соққанмен, бас төреші есепке алмады. Ойынның аяқталуына бірер минут қалғанда Даниэль Карвахаль гол соғып, «Реалға» жеңіс сыйлады.

Серхио Рамос – соңғы минутта гол соғудың қаһарманы. Естеріңізде болса, 2014 жылы Чемпиондар лигасының финалында да мадридтік «Атлетико» қақпасына соңғы минутта гол соғып, командасын жеңілістен құтқарған еді. Сол бір сәтті жанкүйерлер «Севильяға» қарсы ойында да сезінді. Команда жанкүйерлерінің қорғаушыға құрметі арта түсті. Ал Серхио Рамос болса кездесудің үздік ойыншысы атанды.

2017 жылы УЕФА Суперкубогының ойыны Македония елінің астанасы Скопьеде өтеді.

Ө. Сансызбай