Футбол тарихында ең қымбат бағаланған 10 футболшы

Футбол тарихында ең қымбат бағаланған 10 футболшы
Фото: google.kz

Футболдан Еуропадағы ойыншылардың жазғы ауысым уақыты аяқталды. Командалар құрамын толықтырып, кей ойыншыларын өзге клубтарға "аттандырды". Ал маусымның басты оқиғасы ретінде Поль Погбаның «Манчестер Юнайтедке» қайта оралуын айтуға болады.

Жазғы ауысымда француз футболшысы Поль Погбаның ағылшындық «Манчестер Юнайтед» клубына ауысуы - спорт тарихындағы айтулы оқиғалардың бірі болды. Бір кездері «қызыл сойқандар» сапынан тегін кеткен ойыншы футбол тарихындағы ең қымбат тұлға ретінде оралды.

Поль Погбаның трансфер құны 105 миллион евроны құрады. Жартылай қорғаушы командада алдағы маусымдарда да сәтті өнер көрсететін болса, туриндік клубқа қосымша сыйақы төленетін де болады. Нәтижесінде ойыншы футбол тарихындағы ең қымбат бағаланған ойыншы ретінде Гарет Бэйлдың рекордын жаңартты. Осы орайда ең қымбатқа сатылған футболшылар туралы айта кеткенді жөн санап отырмыз.

2. Гарет Бэйл

Осыған дейін футбол тарихында ең қымбатқа бағаланған ойыншы Гарет Бэйл болатын. Ол 2013 жылы мадридтік «Реалға» ағылшындық «Тоттенхэмнен» 101 миллион еуроға ауысып келген еді.

3. Криштиану Роналду

Португалдық ойыншының мадридтік клубқа ауысуы 2008 жылдың қыс айынан басталып, 2009 жылдың жазында аяқталды. Екі жақтың келісімге келуі де ұзаққа созылды. Ал ойыншының өзі болса: ""Реалда" ойнау - менің ең үлкен арманым" деп айтудан еш жалыққан жоқ. Сонымен футболшының арманы орындалып, ол 2009 жылдың жазында Мадридке келді. Трансферлік құны 94 миллион еуроны құрады.

4. Гонсало Игуаин

Осы жазда аргентиналық шабуылшы Гонсало Игуаин неапольдық «Наполиден» туриндік «Ювентусқа» ауысты. Жаңа командасы ол үшін 90 миллион еуроны шығындады. Ал клубтың көп жанкүйерлері "шау тартқан" шабуылшы үшін осыншама қаржы жұмсағаны үшін наразылық та білдірді.

5. Неймар

«Барселона» клубы тарихындағы ең даулы оқиғалардың бірі – Неймардың «Сантостан» ауысып келуі. Бразилиялық футболшының Еуропаға ат басын бұруына көп қаржы кеткені жасырын емес. Клубтан өз орнын тауып кеткен шабуылшыны көп қаржы үшін жанкүйерлер жазғырып жүрген жоқ. Ал ақтамаса, керісінше болары сөзсіз еді. Трансферлік құны - 88,2 миллион еуро.

6. Луис Суарес

«Ливерпуль» сапында таңдай қақтырар ойынымен көзге түскен шабуылшы 2014 жылы каталондық клубқа ауысқан (81,72 миллион еуро) болатын. Қазіргі таңда Месси, Неймар және Суарес үштігі әлемдегі ең үздік шабуыл шебін құрап отыр.

7-8. Хамес Родригес

2014 жылы Бразилияда өткен әлем чемпионатында ерекше ойынымен көзге түскен колумбиялық жартылай қорғаушы Хамес Родригес бірден мадридтік «Реал» скауттарының назарына ілікті. Нәтижесінде «корольдік клуб» ойыншыны «Монакодан» 75 миллион еуроға сатып алды.

7-8. Анхель Ди Мария

2014 жылы аргентиналық футболшы Анхель Ди Мария мадридтік «Реалдан» ағылшындық «Манчестер Юнайтедке» ауысты. Трансфер құны 75 миллион еуроны құрады. Манкуниандық клуб ойыншы үшін осыншама қаржы шығындағанмен, Анхель Ди Мария «қызыл сойқандар» сапында ойнап кете алған жоқ. Кейіннен Париждің «ПСЖ» клубына ауысып кетті.

9. Зиннедин Зидан

«Реал» клубы сатып алған ең қымбат ойыншылардың бірі – Зиннедин Зидан. 2001 жылы мадридтік ұжым француз футболшысын туриндік «Ювентустан» 73,5 миллион еуроға сатып алды. Бүгінде Зиннедин Зидан «корольдік клубтың» бас жаттықтырушысы қызметін атқарып жүр.

10. Златан Ибрагимович

Златан Ибрагимович «Барселонаға» 2009 жылы миландық «Интерден» ауысып келді. Каталондық клуб шабуылшы үшін 69,5 миллион еуро мен Самуэль Это'О-ны қоса берді. Алайда швед шабуылшысы «блауграна» ұжымына үйренісе алмай, Италияға қайта оралған еді. Бүгінде швед шабуылшысы «Манчестер Юнайтед» клубының намысын қорғап жүр.

Ө. Сансызбай