Спорттан қыруар ақша тапқан қазақ спортшылары

Спорттан қыруар ақша тапқан қазақ спортшылары
Фото: massaget.kz

Соңғы жылдары Қазақстан спорты жақсы қарқынмен дамып келеді. Отандық спортшылар өз жетістіктерімен әлемді мойындата алатын деңгейге жетті. Әлемді аузына қаратқан отандық спортшылардың арасынан ең табысты 5 спортшыны назарларыңызға ұсынамыз.

5. Денис Тен, мәнерлеп сырғанау

2014 жылы Сочидегі Қысқы Олимпиадада қола медаль иеленген Денис Тен мансабында алғашқы қомақты табысқа кенелді. Жанкүйерлерінен сыйлық ретінде спортшы Chevrolet Cruze көлігін және Central Park Residence тұрғынүй кешенінен пәтер алды. 300 мың долларға жуық қаражатты құрайтын сыйлықтарды алған Денис өзінің жеке мұз шоуын ұйымдастыра бастады. 

4. Илья Ильин, ауыр атлетика

Ауыр атлетикадан екі дүркін Олимпиада чемпионы (2008, 2012), төрт дүркін әлем чемпионы (2005, 2006, 2011, 2014) Илья Ильин де табысты спортшылар қатарында бар.

Бейжің Олимпиадасында ауыр атлет пәтер мен көлік түрінде берілген сыйлықтарды қоса есептегенде 300 мың доллардан көп қаражат тапқан. Ал Лондондағы жеңісінен 760 000 доллар табысқа қол жеткізді деп жазады mojazarplata.kz сайты. Ильин соңғы 7 жылда шамамен 1 млн доллардан астам пайда тапқан.

3. Зарина Дияс, теннис

Сұлу әрі дарынды теннисші Зарина Дияс Қазақстанның бірінші ракеткасы атанды. Ол әйелдер арасында әлемдік рейтингте 51-ші орынға тұрақтаған.

Tengrinews.kz ақпаратына сәйкес, ағымдағы жылдың маусымында Зарина “Ролан Гаррос” турнирінде алғашқы миллион долларын жеңіп алды.

2. Ярослава Шведова, теннис

Кәсіби отандық теннисші Ярослава Шведова талай рет ел намысын қорғап, әлемдік турнирлерге шыққан. Қазақстандық теннисшілер арасында ол ең табысты спортшы саналады (4,3 млн доллар). Шведова бұл көрсеткішімен ең табысты спортшылардың жүздігінде 79-шы орынға тұрақтаған.

1. Геннадий Головкин, кәсіби бокс

Геннадий Головкин бүгінде өзін миллионерлер қатарына жатқыза алады.

Канадалық Давид Лемьемен жекпе-жегінде ол 2 млн доллар тауып, оған дейінгі жекпе-жектерінен 2,5 млн доллардан жоғары табысқа кенелген. Боксшы жарнама саласынан да қаражат табады. Мәселен, жақында Apple-дің келбетіне айналды. Бұдан бөлек 2014 жылы Головкин GGG жеке сауда маркасын тіркеді. Боксшы әлем бойынша киім мен кәдесыйлар коллекциясын сатпақ. Сонымен қатар, GGG Қарағанды облысында туристік жобаны іске қоспақ.

Головкиннің тапқан қаражатының ортақ сомасы 4,5 млн долларды құрайды.

Бұл тізімге спорттан кейін кәсіпке сәтті бет бұрған Жақсылық Үшкемпіров, Дәулет Тұрлыханов, Александр Винокуров, Серік Сәпиев және өзге де спортшыларды кіргізуге болады.

Дереккөз: nur.kz

С. Ерсін