«НВО» арнасы GGG жекпе-жектеріндегі ең үздік сәттерді топтастырды (видео)

«НВО» арнасы GGG жекпе-жектеріндегі ең үздік сәттерді топтастырды (видео)
Фото: vk.com

АҚШ-тың танымал «НВО» спорттық телеарнасы қазақстандық Геннадий Головкиннің спорттық мансабындағы ең үздік сәттері топтастырылған бейнебаян дайындады. Бұл туралы боксшының «вконтакте» желісіндегі ресми парақшасы хабарлап отыр.

10 минутқа созылған «Greatest Hits:Gennady Golovkin» атты бейнебаян көрсетілімінде отандасымыздың «НВО» телеарнасымен келісімшартқа қол қойғаннан кейінгі жекпе-жектеріндегі ең үздік сәттер топтастырылған.

Орта салмақта WBA (Super), WBС (Interim) және IBO нұсқалары бойынша әлем чемпионы Геннадий Головкин «НВО» телеарнасындағы алғашқы кездесуін 2012 жылдың 1 қыркүйегінде поляк боксшысы Гжегож Проксаға қарсы өткізді. Бесінші раундтан кейін Генаның қарсыласы кездесуді жалғастыра алмай қалған еді. Бейнебаян осы жекпе-жектен басталады.

Отандасымыз бұдан кейін Габриэль Росадоны 7-раундта, Мэттью Маклинді 3-раундта, Кертис Стивенсті 8-раундта, Дэниэл Гилді 3-раундта және Марко Антонио Рубионы 2-раундта нокаутпен ұтты. Айта кету керек, Головкин – Стивенс жекпе-жегі 2013 жылы рейтингі ең жоғары 3 кездесудің тізіміне, ал Гилге қарсы өткізген жекпе-жек «НВО» арнасындағы үздік 10 кездесудің қатарына кірді.

Айта кетейік, Геннадий Головкин келесі кездесуін 17 қазан күні Нью-Йоркте өткізеді. Отандасымыздың қарсыласы - орта салмақта IBF жүйесі бойынша әлем чемпионы Давид Лемье. Бұл кездесудің басты жаңалығы – НВО арнасынан PPV («Pay Per View» («төле де, көр» ауд.) форматында көрсетілетіндігі. Ақылы түрде таралатын бокс жекпе-жегіне отандасымыз алғаш рет шыққалы отыр.   

Ө. Сансызбай