«Реалды» шығынға батырған 10 футболшы

«Реалды» шығынға батырған 10 футболшы
Фото: news.ivest.kz, eurosport.ru

Мадридтік «Реал» мен каталондық «Барселона» жасыл алаңда ғана емес, ойыншы сатып алуда да басты бәсекелестер десек қателеспейміз. Қос клуб та құрамына қосқан ойыншыларға аз көлемде жалақы төлемейтіні анық. Бірақ, қанша қымбат болса да, клуб тарихында өз атын қалдыра алмаған ойыншылар жетерлік. Бүгін біз «Реалды» шығынға батырған 10 футболшы туралы айта кеткенді жөн санап отырмыз.

Кеше «корольдік клуб» Матео Ковачевичті қатарларына қосты. Трансфер құны аз емес. 28 миллион евроны құрады. Хорват ойыншысы жақсы өнер көрсетіп жатса жылына 7,5 миллион евро көлемінде жалақы алатын болады. Ал негізгі құрамға іліге алмай жатса, «Реал» тағы бір шығынға батуы мүмкін. Өйткені, мұндай қателіктер клуб тарихында көптеп орын алған. Ендеше айта отырайық.

Николья Анелька

Трансфер құны: 35 миллион евро

Француз футболшысы үлкен футболдағы жолын «ПСЖ» клубынан бастағанмен, «Арсенал» сапында жүріп әлемге танылды. Нәтижесінде 1999 жылы «Реал» клубының басшылығы ойланбастан шабуылшыны қатарларына қосуға үміт білдірді. «Канонирлер» де футболшыны ұстап қалмады. Қаржы қорларын 35 миллион евроға молайтып алды. Алайда Николья Анелька «Реалда» ойнап кете алмады. Командаластарымен шығыса алмаған ойыншы бір жылдан кейін «Сантьяго Бернабеумен» қош айтысты. Бар болғаны екі гол ғана соқты. Мадридтік клуб футболшыға жұмсаған шығынын қайтара алған жоқ.

Николя Анелька «Реалдан» кейін «ПСЖ» клубына қайта оралған болатын. Бірақ париждік клуб сапында да көп тұрақтап қалған жоқ. Маусым сайын ауысумен болды. 35 жастағы ойыншы бүгінде Үндістанның «Мумбай Сити» клубында ойыншы-бапкер қызметін атқарып жүр.

Майкл Оуэн

Трансфер құны: 12 миллион евро

Оуэн де «Реалда» ойнап кете алмады. 2004 жылы мадридтік клубқа ауысқан шабуылшы негізгі құрамға ілікпеді. Десе де қосалқы құрамда алаңға шығып жүрді. Аз уақыт ішінде 13 гол соққан ойыншы ретінде аты қалды. «Корольдік клуб» сапында бір маусым ойнаған Макл Оуэн «жұлдызын жаққан» «Ливерпульге» қайта оралғысы келді. Себебі, «Реал» сол кезде Робиньо және Баптистаны қатарларына қосқан болатын.

«Ливерпуль» қомақты қаржыға Майклды қайта сатып алғысы келмеді. Нәтижесінде жарты маусым тағы да қосалқы құрамда отырған шабуылшы «Ньюкаслға» ауысты. Кейіннен «Манчестер Юнайтед» пен «Сток Сити» клубтарының намысын қорғады. 33 жасында спорттық мансабын аяқтап, бүгінде «BT Sport» арнасында сарапшы қызметін атқарып жүр.

Джонатан Вудгейт

Трансфер құны: 18,3 миллион евро

«Ньюкаслда» ойнап жүрген орталық қорғаушы «Реал» скауттарының назарына ілікті. Мадридтік клубқа ауысар тұста футболшы ауыр жарақат алып қалды. Алайда ойыншының бұл жағдайына «корольдік клуб» басшылығы көз жұма қарап, тәуекелге бел буды. Қорғаушыны 18,3 миллион евроға сатып алды. Жарақатына байланысты қорғаушы бір жыл бойы алаңға шыға алмады. Бір жылдан кейін «Реалдағы» бірінші ойынын өткізген қорғаушы сәтсіздікке тап болды. Өз қақпасына гол соғып қана қоймай, қызыл қағаз алып алаңнан қуылды. Екі маусымда бар болғаны 9 ойынға ғана қатысып, клуб тарихында атын қалдырып та үлгермеді.

Бүгінде Джонатан Вудгейт Англияның «Мидлсбро» клубының намысын қорғап жүр.

Вальтер Самуэль

Трансфер құны: 23 миллион евро

Римдік «Рома» қорғаушысы Вальтер Самуэль 2000-2004 жылдар аралығында үздік ойыншы ретінде өзін әлемге танытты. Мұны байқаған «Реал» бірден қатарларына қосуға асықты. Мадридтік клуб бұл мәселені 23 миллион евромен шешті. Бірақ, Вальтер «Реалда» үйренісіп кете алмады. Араға бір маусым сала «корольдік клуб» қорғаушыны «Интерге» өз бағасынан 7 миллион евроға арзан сатты. Бір қызығы, орталық қорғаушы миландық клубта қайта өз бабына келіп алды.

Бүгінде аргентиналық қорғаушы Швейцарияның «Базель» клубының намысын қорғап жүр.

Томас Гравесен

Трансфер құны: 3,4 миллион евро

«Реалды» аз да болса шығынға батырған футболшылардың бірі – Томас Гравесен. 2005 жылы «Эвертоннан» ауысып келген жартылай қорғаушы мадридтік клуб сапында тәртіпсіздігімен есте қалды. Клуб жаттығуларының бірінде Робиньомен төбелесіп, соңы дауға ұласты. Нәтижесінде клуб басшылығы маусым соңынан ойыншыны «Селтикке» шығарып салды.

Антонио Кассано

Трансфер құны: 5,5 миллион евро

Антонио Кассаноны «Реал» басшылығы қателесіп сатып алғанын бірден мойындады. Өйткені, футболшы мен сол кездегі бапкер Фавио Капелло арасында араздық болатын. Екеуінің арасындағы келіспеушілік «Ромада» жүргенде орын алған. «Реалда» Фавио шабуылшыны артық салмағың бар, физикалық тұрғыдан дайын емессің деп төмендетумен болды. 19 ойынға қатысып, 2 гол ғана соқты. Бір маусымнан кейін мадридтік клуб Антонио Кассаноны «Сампдорияға» жалға берді. Кейіннен генуялық клуб біржола сатып алды. Одан кейінгі аралықта шабуылшы «Милан», «Интер» және «Парма» құрамында ойнады. Осы маусымнан бастап қайта «Сампдория» клубына ауысып отыр.

Кристоф Метцельдер

Неміс қорғаушысын «Реалға» отандасы Бернд Шустер (клуб бапкері) шақыртқан болатын. «Реалға» еркін агент ретінде келді. Үш маусым Мадридте жүрген ойыншы өзін тамаша қырынан көрсете алмады. Жиі жарақат алып, физикалық тұрғыдан негізгі құрамға ілікпеді. Нәтижесінде 2010 жылы Отанына қайта оралды.

Жақында бір сұхбатында орталық қорғаушы «Реалда» үш жылын босқа өткізгенін мойындады. Сондай-ақ, «корольдік клубқа» босқа шығын әкелгені де бар. Бүгінде Кристоф Метцельдер «Sky Deutschland» арнасында сарапшы қызметін атқарады.

Жюльен Фобер

Француз қорғаушысының «Реалға» ауысуын ешкім де түсінбеді. Астарында қандай саясат барын да ұққан жоқ. «Корольдік клубқа» «Вест Хэмнен» жалға келген ойыншы сауатты ойынымен көзге түсе де алған жоқ. Бар болғаны екі ойынға ғана қатысып, ағылшындық клубқа қайта оралды.

Бүгінде Жюльен Фобер «Бордо» сапында өнер көрсетеді. Бірақ, негізгі құрам ойыншысы емес.

Класс-Ян Хунтелар

Трансфер құны: 27 миллион евро

Нидерланд елінің шабуылшысы «Реалға» нағыз бабында келгендей болған. «Аякс» сапында 92 ойыннан 76 гол соққан Класс-Ян Хунтелардан клуб басшылығы мен жанкүйерлер үлкен үміт күтті. Бірақ, үміт ақталмады. «Корольдік клубтың» шабуыл шебінде атой сала алмады. 20 ойынға қатысып, 8 гол соққанымен нәтижесі төмен бағаланды. Бір маусымнан кейін мадридтік клуб шабуылшыны «Миланға» жалға берді. Кейіннен біржола сатып, футболшыны қайта шақыртып, екінші мүмкіндік берген жоқ. Есесіне Класс-Ян Хунтелар гельзенкирхендік «Шалькеде» өз ойынын түзеп алды.

Майкл Эссьен

Лондондық «Челси» сапында жүріп танылған Майкл Эссьен ауыр жарақаттан кейін өз бабына келе алмады. Осы тұста «Реал» ойыншыны «Челсидан» жалға алды. Жартылай қорғаушы мадридтік клуб сапында төменгі нәтиже көрсеткен жоқ. Бір маусымда 20 ойынға қатысып, 2 гол соқты. Бірақ, жылдық жалақысы да жоғары болды. Бір маусымға жоспарланған келісімшарт аяқталып, ганалық ойыншы «Реалмен» қош айтысты.

Бүгінде Майкл Эссьен Грекияның «Панатинаикос» клубында доп теуіп жүр. 

Ө. Сансызбай