Басшының бәрі өз тілін Бекендей сүйсе ғой

Басшының бәрі өз тілін Бекендей сүйсе ғой
Фото: Автор

Қазақ спортында жүрегі "елім, жерім, ана тілім" деп соғатын, көкірегі ояу аптал азаматтар аз емес. Солардың бірі – ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы, педагогика ғылымының кандидаты Бекен Бекмұханбетов десем, еш қателеспеспін.

Бекен Сәрсенбайұлы үнемі "үлкен спортта қазақ балаларына мүмкіндік беріп, қолдап отыруымыз керек" деп шырылдап жүреді. Бейжің Олимпиадасынан кейін тума талант Илья Ильиннің арасына түсіп, ауыр атлетикадан ҚР ұлттық құрамасының бапкерлеріне қарсы "шықты". Тіпті сәл кейінірек қызметінен де айырылып қалды (ауыр атлетикадан мемлекеттік жаттықтырушы болған еді).

Жақында сол ұлтжанды Бекен Сәрсенбайұлымен кездесіп қалдым. Алматыдағы "Жоғары спорт шеберлігі мектебі" МКҚК-нына директор болып тағайындалыпты. Қазақы дәстүрімізбен құттықтап, кабинетіне де кіріп шықтым. Оның отансүйгіштігіне тағы да таң қалып, тағы да риза болдым. Жоғары спорт шеберлігі мектебінде Бекенге дейін өзге ұлттың өкілі басшы болған сияқты. Әр кабинеттің есігіндегі қаңылтыр тақталар тек орыс тілінде жазылыпты. Бекен Сәрсенбайұлы сол қаңылтыр тақтаға қазақ тілінде бір ауыз сөз жазылмайынша, жаңа креслоға отыра алмаған да сияқты. Қадыр Мырза-Әлінің "Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте" деген нақыл сөзін қоса жапсырып қойыпты.

Бұл қызметке жаңадан бекітілдім. Қызметіме енді кірісіп жатырмын. Бәрін де қазақшалаймыз ғой. Әзірше осы дана сөздерді іліп қойдым, – дейді "ақталып".

Қалай риза болмайсың! Үлкенді-кішілі басшының бәрі осы Бекен Бекмұханбетовтей болса ғой, шіркін...  

Автор: Нұрғазы Сасаев

Ө. Сансызбай