«Челси» бапкері жүлдесін жанкүйеріне сыйлай салды (видео)

«Челси» бапкері жүлдесін жанкүйеріне сыйлай салды (видео)
Фото: eurocups-uefa.ru

Лондондық «Челси» Англия Суперкубогында «Арсеналға» есе жіберіп, маусымды сәтсіз бастады. Ал ойын соңынан «ақсүйектердің» бас бапкері Жозе Моуринью өз медалін жанкүйерлеріне лақтырып жүре берді.

Арсен Венгер («Арсенал» бапкері) бапкерлік мансабында алғаш рет Жозе Моуринью командасынан айласын асырды. Нәтижесінде Англия Суперкубогын жеңіп алды. Кездесудегі шешуші голды 24 минутта Алекс Окслейд-Чемберлен соқты.

Футболшыларды марапаттау рәсімінен кейін Жозе Моуринью «канонирлер» ойыншыларының қолын алды. Ал Арсен екеуі бір-бірін байқамағансып өте шықты. Соңынан қолындағы жүлдесін жанкүйерлер трибунасына лақтырып, жүре берді. Жүлде лондондық клубтың жас жанкүйеріне бұйырды.

Айта кетейік, лондондық «Арсенал» Англия Суперкубогын екінші жыл қатарынан жеңіп алып отыр. Өткен жылы «Манчестер Ситиді» 3:0 есебімен ұтқан еді. 

Ө. Сансызбай