«Ювентуста» да «Барселонада» да ойнаған футболшылар

«Ювентуста» да «Барселонада» да ойнаған футболшылар
Фото: fc-barcelona.ucoz.ru, placar.abril.com.br, zimbio.com

2014/21015 жылғы маусымдағы Чемпиондар лигасының финалы бір күннен кейін «Ювентус» пен «Барселона» арасында өтеді. Осыған орай оқырмандарымызға екі клубта да өнер көрсеткен футболшылар туралы айта кеткенді жөн санап отырмыз.

«Ювентус» да «Барселонада» да ойнаған футболшылар жоқ емес, баршылық. Олар Микаэль Лаудруп, Хуан Пабло Сорин, Эдгар Давидс, Лилиан Тюрам, Джанлука Дзамбротта, Тьерри Анри, Златан Ибрагимович және Мартин Касерес. Оның жетеуі бірінші туриндік клубта ойнап, кейіннен Каталонияға жол тартқан.

2015 жылғы Чемпиондар лигасының финалына шыққан екі клуб сапында да ойнаған алғашқы футболшы – Микаэль Лаудруп. Дат ойыншысы алдымен Мишель Платини, Паоло Росси және Збиигнев Бонекпен қатар «Ювентуста» өнер көрсетіп, атын шығаруға талпынды. 1989 жылы «Барселонаға» ауысқан ойыншы әлемнің үздік ойыншыларының біріне айналды. Каталондық клуб сапында 11 рет ірі жарыстарда жеңімпаз атанды. Оның қатарында Испания чемпионаты мен кубогынан бөлек, Еуропа чемпиондары кубогы додасы да бар.

Микаэль Лаудруптан кейін «Ювентус» тарихында «Барселонаға» ауысқан - Хуан Пабло Сорин мен Эдгар Давидс. Аргентиналық футболшы 2002/03 жылғы маусымда каталондық клуб қатарын толықтырса, нидерландылық ойыншы бір маусымнан кейін Хуан Пабло Сориннің әріптесі атанды.

Эдгар Давидстің алмасқанына екі жыл өткеннен кейін «блауграна» туриндік клубтың тағы екі ойыншысын сатып алды. Бұл жолы «Барселонаға» Лилиан Тюрам мен Джанлука Дзамбротта ауысып келді. Екі футболшы да каталондық клубта екі маусым (2006/07 және 2007/08) өнер көрсетті.

«Ювентус» да «Барселонада» да ойнаған танымал футболшылар қатарында Тьерри Анри мен Златан Ибрагимович те бар. Француз футболшысының шетелдік алғашқы клубы - «Ювентус». Ол 1999 жылы туриндік клуб сапында 16 ойынға қатысып, 3 гол соққан. Ал «Барселонаға» 2007 жылы нағыз кемелденген шағында келіп, Лилиан Тюрам мен Джанлука Дзамброттамен бірге өнер көрсетті.

Ал Златан Ибрагимовичті әлемге таныта түскен ұжымдардың бірі - «Ювентус». 2004 жылы швед футболшысы «Аякстан» италиялық клубқа 16 миллион евроға ауысып келді. Екі маусымда 70 ойынға қатысып, 26 гол соққан. Кейіннен келісілген ойындарға күдікті ретінде чемпиондық атағынан айырылған клуб «В» сериясына төмендетіледі. Ал Златан төменгі лигада ойнауды жөн санамай, «Интерге» ауысады. Ал миландық клубтан кейін барып Каталонияға жол тарқан. Қазіргі таңда «ПСЖ» сапында ойнап жүрген шабуылшы «Барселонада» екі маусым өнер көрсетіп, 29 ойыннан 16 гол соққан.

«Барселонадан» «Ювентусқа» ауысқан жалғыз ойыншы ол – Мартин Касерес. Уругвайлық қорғаушы спорттық мансабын «Вильярреалда» бастап, «Барселонада» жалғастырған. 2009 жылы клуб ойыншыны туриндік клубқа жалға берген. Кейіннен екі маусым қатарынан «Севильяда» өнер көрсетті. Андалусиялық клубтан 2012 жылы қайта оралған футболшы «Ювентустың» негізгі құрамынан орын таба білді. Қазіргі таңда қорғаушы жарақатына байланысты емделіп жүр.

Айта кетейік, бұл маусымдағы Еуропаның басты бәсекесінің шешуші кездесуі 6 маусымда Берлиндегі «Олимпиаштадионда» өтеді. Футбол мамандары мен букмекерлік клубтар «Барселонаны» айқын фаворит санауда.

Ө. Сансызбай