Сабинаның сұлулығын Индонезияның тағы бір порталы теңдессіз деп бағалады

Сабинаның сұлулығын Индонезияның тағы бір порталы теңдессіз деп бағалады
Фото: sk-sport.kz, imgur.com, eurosport.ru

Қазақстандық волейболшы Сабина Алтынбекованың сұлулығын Индонезияның тағы бір порталы теңдессіз деп бағалады. Осыған дейін sportsatu.com порталы отандасымызды Азия құрлығындағы ең сұлу спортшы деп таныған болатын.

Индонезияның surabayanews порталы түзген рейтингте Сабина әлемнің ең сұлу 5 спортшы аруының көшін бастап тұр. Олар 18 жастағы қазақстандық спортшыны өте әдемі, танымал және сүйкімді деп бағалаған. Ал өзге спортшылардан аққұбалығымен ерекшеленеді деп айта кеткен. Естеріңізде болса, өткен жылы Сабина Алтынбекованың Индонезия әйелдер волейболының дамуына үлес қосуы мүмкін деген ақпараттар да тараған болатын.

Сабина Алтынбековадан кейінгі орынға 2012 жылғы спорттық гимнастикадан командалық біріншілікте олимпиада чемпионы атанған, америкалық Маккайла Марони жайғасқан. Оның Лондондағы додада қолды тіреп секіру жарысында күміс жүлде алғаннан кейінгі өкпелі бейнеде түсірілген фотосы үлкен танымалдылыққа ие болған еді.

Индонезиялық портал әлемдегі 5 сұлу спортшының үштігіне Мария Шарапованы енгізіпті. Теннис спортында үлкен табыстарға қол жеткізіп үлгерген ресейлік спортшының сұлулығы да жоғары бағаланған. Ал корттағы дауыс шығарып ойнау тәсілін де назардан тыс қалдырмай айта кеткен.

Surabayanews америкалық автошабандоз Даника Патриктің де сұлулығын жоғары бағалапты. Ол 10 жылдан бері көлік ролін тізгіндеп, ірі жарыстарда өнер көрсетіп жүр.

Әлемдегі ең сұлу спортшылар рейтингінің бестігін Париждің «ПСЖ» клубының ойыншысы Лор Булло қорытындылаған. Жасыл алаңда қорғаушы қыметін атқаратын ойыншы 2005 жылдан бері Франция ұлттық құрамасы мен «ПСЖ» сапында өнер көрсетіп келеді. 

О. Сансызбай