Бауыржан Исламханның өмірлік ұстанымдары

Қазақстан ұлттық құрамасының талантты ойыншысы Бауыржан Исламханға «Қайрат» пен «Жетісу» кездесуі алдында өткен маусымдағы «жылдың үздік ойыншысы» марапаты табысталды. Осыған орай бүгін біз сіздерге қазақстандық футболшының ең үздік пікірлерін ұсынғалы отырмыз. Футболшының бұл ойлары алматылық клубтың наурыз айында шығарған ресми журналында жарияланған болатын.

* Менен ешкім сұрамады, жай ғана енді капитан болатынымды айтты. Мұндай жаңалықты әрине күтпедім. Мен үшін бұл құрмет. Бірақ, командада барлық шешімдерді біз бірге қабылдаймыз.

* Өзімнен үлкен адамдардан кеңес сұраудан ұялмаймын. Тіпті, капитан болсаң да, өзіңнен тәжірибесі жоғары ойыншылардан көп дүние үйрену керек.

* «Тараз» клубына келгенде, осы командада өмір бойы ойнаймын деп ойладым. Алайда, бұл – футбол. Бүгін осы жерде болсаң, ертең басқа жерде болуың мүмкін. Мен үшін үлкен тәжірибе, бұл – ресейлік «Кубань» клубында ойнау болды. Ата-анамнан алыста болу қиын. Бірақ, кейін үйрендім.

* Ең бірінші гол, бұл алғашқы махаббат секілді. Ешқашан ұмытылмайды. Мен оны «Тараз» футбол клубы сапында 2012 жылы өскемендік «Восток» клубына қарсы ойында соқтым.

* Менің ойымша, ең әдемі гол, жасөспірім құрамасында, беларустарға қарсы ойында соқтым. Біз 2:1 есебімен жеңіліп қалдық. Бірақ, мен сол кезде спорттық мансабымдағы ең көз тартарлық голды салған болатынмын.

* Маған атыс-шабыс (боевик) кинолар ұнайды. Джейсон Стетхэм ойнайтын фильмдердің барлығын қарап, оларды жібермеуге тырысамын.

* «Жақын адамдарым мені мақтан етеді» деген оймен алаңға шығамын. Әр ойыншы өз елінің үздігі болғысы келеді.

* Менің ата-анам әрдайым мені қолдап келеді. Футболға ешқашан қарсы болмады. Оларға менің алғысым шексіз. Ойын кезінде олардың үміттерін ақтау үшін мен барымды саламын.

* «Батори» деген лақап атым қайдан шыққаны есімде жоқ. Бірақ, қазір, тіпті ата-анам да осылай атайды. Тек біздің бас бапкеріміз Владимир Вайсс қана «Батули» дейді. Ол барлық ойыншыларға өзінің ойынан ат шығарып қояды.

* «Футбол жай ғана ойын, еш қиындығы жоқ» деп атайтын адамдарды жек көремін. Біз отбасымызды көрмейміз. Жаттығуда өміріміз өтеді. Егер сіз футболшының өмірі жайлы ештеңе білмесеңіз, онда олай айтуға сіздің құқығыңыз жоқ.

* Мен үшін ең үздік ойыншы - Андреас Иньеста. Оның ойнау стилі ұнайды.

* Сенің қалай ойнау керектігіңді айтып, бетін тырнап, сезімдерін іште сақтай алмайтын жанкүйерлер бар. Бұл бізге қатты тиеді. Футбол ойнау оңай емес.

* Мен шабуылдағы ойыншымын. Қазір баспен гол соғуды үйреніп жүрмін. Негізі бұл менің - әлсіз тұсым. Мүмкін, бойым аласа болғандықтан шығар.

* Күн сайын «бүгін мен үздік болуым керек» деген оймен оянамын.

* Менде арнайы салт (әдет) жоқ. Мен кофе ішпеймін. Айнада өзіммен-өзім сөйлеспеймін. Ойын алдында қайталап айтатын сөздерім де жоқ. Мен жай ғана алаңға шығып, ойынымды бастаймын.

* Әр жеңіліс – бұл тәжірибе. Келесі ойындарда қателіктер қайталанбау үшін, жинаған тәжірибеңді міндетті түрде пайдалану керексің.

* Менің өнерімді көбісі «туа біткен дарын» деп бағалап жатады. Бірақ, бұл босаңсуға себеп емес. Күн сайын дайындығымды шыңдап, бүгінге қарағанда жақсырақ ойнау үшін жұмыс жасаймын.

Айта кетейік, Бауыржан Исламхан 1993 жылдың 23 ақпанында Тараз қаласында дүниеге келген. Футболдағы мансабын жергілікті «Тараз» клубы сапында бастаған.  

Сурет: sportinfo.kz, fckairat.kz

Оқи отырыңыз:

Бауыржан Исламхан – 2014 жылғы маусымның үздік футболшысы!

Бауыржан Исламхан: «Андрес Иньестаға ұқсағым келеді»