Криштиану Роналду өзінің мүсініне сәнгер жалдады

Криштиану Роналду өзінің мүсініне сәнгер жалдады

Португальдық футболшы Криштиану Роналду өзінің балауыздан жасалған мүсініне (восковая фигура) күтім жасау үшін арнайы сәнгер жалдады. Бұл туралы мүсін тұрған мұражай директоры Гонсало Преза хабарлаған екен.

Роналдудың мүсіні Португалияның Мадейра аралындағы Фуншал қаласының мұражайында. Презаның айтуы бойынша, атақшы футболшы мұражайға ай сайын келіп, мүсінін көріп кетеді екен. «Балауыздан жасалған мүсіндердің шаштары жасанды емес, арнайы Үндістаннан алынған табиғи шаш. Сол себепті оларға күнделікті күтім керек»,- дейді мұражай бастығы.

Футболшының мүсіні алғаш рет 2013 жылдың желтоқсан айында Роналдудың жеке мұражайында көпшілік қауымға көрсетілген еді. Мұражайдың ашылу салтанатында Роналду: «Мүсін маған ұқсай ма? Меніңше, менен де әдем секілді, - деп, қалжыңдап, – Бұл – менің жанкүйерлеріме деген сыйлығым», - деп ағынан жарылған.

Оған қоса, бұл мұражайда футболшының осы уақытқа дейін алған 125-тен аса марапаттары жинақталған. Өз жетістіктерімен бөліскен «Алтын доп» иегері алдағы уақытта да бұл мұражайдың іші марапаттарға толы болатынына сенеді.

Сурет: pbs.twimg.com, lh5.googleusercontent.com, i3.minus.com.

Е. Жұмабайұлы