Әлем рекордын орнатқан Әмірбай Рысқұлов дүниеден озды

Әлем рекордын орнатқан Әмірбай Рысқұлов дүниеден озды

Кір тасын көтеруден еліміздің бірнеше дүркін чемпионы, Гиннестің рекордтар кітабына енген Әмірбай Рысқұлов 77 жасында дүниеден озды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі "Белта" агенттігіне сілтеме жасап. Спортшы Беларусь елінің Витебск қаласында өтіп жатқан жарысқа қатысып жатқан болатын.

Жерлесіміздің қаза болуына байланысты Витебск қаласының полиция қызметкерлері тексеру жүргізуде. 77 жасқа келген Әмірбай Рысқұлов Беларусь жеріне кір тасын көтеруден әлемдік триатлон Олимпиадасына барған. Ол қаза болар алдында қаланың орталық спорт аренасында 10 келілік кір тасын минутқа көтеріп жаттығып жатқан. Жаттығуын аяқтап болғаннан кейін спортшы тұғырдан түсіп, бірден есінен танып құлаған. Оқиға орнындағы алғашқы жедел жәрдем көмегі мен дәрігерлер отандасымыздың өмірін сақтап қала алмапты. Жедел жәрдем қызметкерлерінің айтуына қарағанда, Әмірбай Рысқұловтың жүрегі тоқтап қалған.

Айта кетейік, Әмірбай Рысқұлов Алматы облысындағы Көксу ауданының Мәмбет ауылында дүниеге келген. Ол соңғы бес-алты жыл барысында кір тасын көтеруден әлемдік, құрлықтық, халықаралық жарыстарда топ жарды. Жарты сағат ішінде 10 килограмдық кір тасын 750 рет көтеріп, Гиннестің рекордтар кітабына енген.

Massaget.kz ұжымы марқұмның туған туыстарына қайғырып көңіл айтады.

Сурет: islam-orkeniet.kz

Ө. Сансызбай