«МЮ» мүгедек бапкерді жұмысқа алды

«МЮ» мүгедек бапкерді жұмысқа алды

Сохаил Рехман – әлемдегі алғашқы кәсіби деңгейдегі мүгедек бапкер болып саналады. Өткен жылы сэр Алекс Фергюсон жас талант иесіне арнайы хат жолдап, «қызыл сойқандар» қатарында тәжірбие жинауға шақырған екен.

22 жастағы Йоркшир елдімекенінің тұрғыны Сохаил Рехман туылғаннан бастап арқа бұлшықетінің семуі ауруымен ауырған. 13 жасында арбаға таңылыпты. Десе де, ауруын кедергі көрмеген қайратты жас өрен колледждің спорттық технология даярлайтын факультетіне оқуға түскен. Өткен жылы сэр Алекс Фергюсон жас талант иесіне арнайы хат жолдап, «қызыл сойқандар» қатарында тәжірбие жинауға шақырыпты. Клуб тізгінін ұстап жүрген Дэвид Мойес те ұсынысты қабыл алып, Сохаилға ақыл-кеңестер берген. Жақында «қызыл сойқандар» басшылығы Сохаил Рехманды манкуниандық клубтың жастар академиясында жас таланттарды жаттықтыруға қызметке алды.

- Біз Сохаилдың «Манчестер Юнайтедке» қызметке орналасқанына қуанамыз. Ол – өте қайсар, қайратты жігіт. Өмірде сонша қиындық көрсе де, оны жеңу үшін күресе білген жан. Біз одан үлгі алуымыз керек, - деген клуб басшыларының бірі. Ал Сохаилдың өзі де жаңа қызметке тұрғанына қуанып жүр.

- Мен өзімнің кәсіби клуб таланттарын жаттықтыруға күмәнім болды. Алекс Фергюсонның маған жолдаған хатынан кейін, өз-өзіме сенімділік пайда болды. Қызметке орналасуыммен де арнайы құттықтады, - деді Сохаил Рехман.

Дайындаған: Өмірбек Сансызбай

Сурет: footballhd.ru

О. Сансызбай