«Реал» «9» нөмірін Ди Стефано құрметіне арнады

«Реал» «9» нөмірін Ди Стефано құрметіне арнады

Мадридтік «Реал» футбол клубының басшылығы «9» нөмірін кеше дүниеден озған команданың аңызға айналған шабуылшысы Альфредо Ди Стефаноның құрметіне арнады. Енді «корольдік клуб» сапында бұл нөмірмен футболшылар өнер көрсетпейді. Осыған дейін «9» саны бейнеленген нөмірді француз футболшысы Карим Бензема иеленіп келген болатын.

Альфредо Ди Стефано 89 жасқа қараған шағында дүниеден озды. Бар спорттық мансабында 521 кездесуге қатысып, 377 гол соққан. Үш елдің ұлттық құрамасының (Аргентина, Колумбия және Испания) сапында өнер көрсеткен. Мадридтік клуб сапында 11 жыл тер төгіп, 282 кездесуде 216 рет қарсылас қақпасын дәл көздеген.

Жалпы футбол тарихында мұндай оқиғалар кездесіп жатады. Мысалы, амстердамдық «Аякс» футбол клубы «14» нөмірін Йохан Круиффқа, неапольдық «Наполи» «10» нөмірін Диего Марадонаға, миландық «Интер» «4» нөмірін Хавьер Дзанеттиге, гельзенкирхендік «Шальке» «7» нөмірін Рауль Гонсалес құрметіне сыйлаған. Енді бұл қатардан «Реал» да табылып отыр. 

Дайындаған: Өмірбек Сансызбай

Сурет: football-side.com

О. Сансызбай