Алекс Фергюсонның жолын жалғағандар

Алекс Фергюсонның жолын жалғағандар

"Манчестер Юнайтед" бапкері сэр Алекс Фергюсонның жолын қуған шәкірттері туралы әңгіме қозғаймыз.

Уле-Гуннар Сульшер

«Манчестер Юнайтедте» ойнаған жылдары: 1996-2007.

Бапкерлік мансабы: "МЮ" (қосалқы) 2008-2011; "Мёльде" 2011-2014; "Кардифф Сити" 2014–қ.т.

«Кардифф Сити» командасына келген Алекс Фергюсон шәкіртінің жұлдызды шағының жарқын бір сәті 1999 жылғы Чемпиондар Лигасының соңғы минуттары десек болады. 90-шы минутқа дейін «Бавариядан» жеңіліп тұрған манкуниандықтар соңғы сәтте жеңісті жұлып алған-ды. Сол финалдан кейін әйгілі шотландиялық бапкер норвег футболшысын «қосалқы ойыншылардың королі» деп атады. Ол бірнеше қиын сәтте алаңға ауысып шығып командасын құтқарып қалды.

«Қызыл сойқандар» құрамында Сульшер 10 маусым өнер көрсетті. Ол осы уақытта сирек негізгі құрамдағы ойыншы болды. Өзге клубтар футболшыны шақырғанмен, Сульшер манчестерлік командада қалатынын мәлімдеді. Айтқанындай-ақ 33 жасында «Манчестер Юнайтед» командасы құрамында жасыл алаңдағы спорттық мансабына нүкте қойды.

2010 жылы  Уле-Гуннар Сульшер өз елінің «Мельде» клубының бас бапкері болды. Бірнеше рет жетістіктерге де жетті. Кейіннен бұл бапкер «Олд Траффорд» иелерін де баптайды деген сыбыс шыққан болатын. Алайда ағылшын жеріндегі бапкерлік мансабын «Кардифф Ситиден» бастайтын болды...

Лоран Блан

«Манчестер Юнайтедте» ойнаған жылдары: 2001-2003.

Бапкерлік мансабы: "Бордо" 2007-2010; Франция ұлттық құрамасы 2010-2012; "Пари Сен-Жермен" 2013–қ.т.

Лоран Блан сэр Алекстың тәрбиесін 2 жыл ғана бойына сіңірді. Ол манкуниандық командаға 35 жасында келді және «Олд Траффордта» спорттық мансабын аяқтады. Ұзақ уақыт демалыстан кейін бұрынғы футболшы «Бордо» командасының бапкері болып танылды. Бапкерлік қызметінің алғашқы кезеңінен бастап-ақ жұмысы алға баса бастады. Кейіннен «Тоттенхэмнен» ұсыныс алғанымен, Франция ұлттық құрамасын баптағанды жөн деп тапты. Алайда ұлттық құрамадағы бапкерлік дәуірі үлкен жетістіктерге жетелемесе де, өзін білікті маман ретінде көрсетуге жол ашты. Қазіргі таңда «Пари-Сен-Жирмен» командасымен жетістіктерге жетіп келеді.

Жалғасы бар

Дайындаған: Әкежан Дәкен

сурет: ntv.ru

О. Сансызбай