"Манчестер Юнайтедте" жолы болмағандар...

"Манчестер Юнайтедте" жолы болмағандар...

Ағылшындық «Манчестер Юнайтед» - әлемдегі алпауыт командалардың санатында. Осы клуб сапында талай футбол жұлдызы түлеп ұшты. Бүгін біз сіздердің назарларыңызға дәл осы манкуниандық команда да жолы болмай, өзге футбол клубына ауысып бағы жанған футболшылардың тізімін ұсынамыз.

1. Диего Форлан


2002 жылы «қызыл сойқандар» сапын толықтырған уругвайлық футболшы негізгі құрамға бірден іліге қоймады. Тек қосалқы құрамда Руд ван Нистелройды ауыстырып қана өнер көрсетті. Диегоның манчестерлік команда жанкүйерлерінің есінде қалған кездесуі «Ливерпульге» қарсы өтті. Сол ойында дубль авторы атанды. Кейіннен 2004 жылы «Манчестер Юнайтед» Уэйн Рунимен келісім-шарт жасасқаннан кейін футболшы командадан кетуді жөн деп тапты. 2004-2007 жылдары «Вильярреал» сапында тер төккен Форланның нағыз жұлдызды шағы жарқ ете қалды. Қазіргі таңда бразилиялық "Интернасьонал" клубында доп теуіп жүр.

2 . Джузеппе Росси 


Америкада туып өскен италяндық футболшы Джузеппе Росси көп тұста Диегоның жолын қайталағандай. Шабуылшыны сэр Алекс Фергюсон алаңға небәрі 5 рет қана негізгі құрамда шығарған екен. Онда да аса маңызды кездесулерге емес. 2007 жылдың 31 шілдесінде «Вильярреалға» ауысқан Джузеппе Росси команданың негізгі тірегіне айнала білді. Команда құрамында 136 кездесу өткізіп, 56 рет қарсылас қақпасын дәл көздеген екен. Қазіргі таңда «Фиорентина» командасында ойнап жүр.

3. Тим Ховард 


2003-2007 жылдары манкуниандық командада өнер көрсеткен Тим Ховард негізгі құрамдағы қақпашыға айнала алмады. Кейіннен «Эвертонға» жалға барып қана шеберлігін танытты. 2007 жылы аталған командамен 2013 жылға дейін келісімге отырды.

 4. Жерар Пике 


Жерар Пике 17 жасында каталондық командадан «Манчестер Юнайтедке» ауысып келді. Алайда 21 жасында Испанияға қайта оралды. Ал ол «қызыл сойқандар» сапында 4 жыл ішінде небәрі 12 кездесуге ғана қатысты. Негізгі құрамнан орын бұйырмады. Неманья Видич пен Рио Фердинанд тұрғанда бұлай болуы заңдылық та еді. Сэр Алекс Фергюсонның өзі жас талантты аса қатты мойындай қоймады. Бірақ, Пике «Барселонаға» қайта оралғаннан кейін, Еуропадағы шоқтығы биік орталық жартылай қорғаушылардың біріне айналып шыға келді. Пикенің мұндай футбол жұлдызына айналарын манкуниандық команда жанкүйерлері де күтпеген еді.

5. Райан Шоукросс 

Тағы да бір орталық қорғаушылардың бірі - Райан Шоукросс. «Манчестер Юнайтед» сапында тек кубоктық кездесулерде алаңға шығып жүрген футболшыны команда басышылығы «Сток Ситиге» жалға берді. Кейіннен жас талант аталған клубта қалып қойды. Қазіргі таңда «Сток Ситидің» белді жартылай қорғаушыларының бірі. Ағылшын ұлттық құрамасының жейдесін киіп те үлгерді.

6. Бен Фостер 

5 жыл бойы «қызыл сойқандар» қатарында жаттыққан Бен Фостердің командада негізгі құрамға іліге алмады. Алекс Фергюсон ван дер Сарға көбірек сенім артты. Кейіннен «Бирмингем» және «Вест Бормвич» командаларына ауысқаннан бастап, өз қақпасын голдан көп сәттерде қорғап қала білді. Тіпті ағылшын премьер-лигасында Харттан кейін екінші болып назарға іліне бастағанда, ауыр жарақат алды. Қазіргі таңда «Бирмингемде» ойнап жүрген қақпашы өз бабына қайта орала алмады.

7. Зоран Тошич


2008 жылы Манчестерге жол тартқан серб футболшысының манкуниандық командада бағы жанбады. Бір маусымда негізгі құрам бұйырмақ түгілі, алаңға 2 рет қана «қызыл сойқандардың» қызыл жейдесін киіп шыға алды. Қазіргі таңда мәскеулік «ЦСКА» командасында ойнайтын жартылай қорғаушы өз ойынымен ерекшеленіп жүр.

8. Поль Погба


Бүгінгі күні көптеген «Манчестер Юнайтед» жанкүйерлері «Ювентус» футболшысы Поль Погбаға қызғанышпен қарайды. 2012 жылы «Манчестер Юнайтедтен» туриндік командаға ауысып барған жартылай қорғаушы Еуропаның жаңа жұлдызына айналып шыға келді. «Ювентус» командасы сапында Италия чемпионы және суперкубогын жеңіп алды.

 Дайындаған: Фараби Арыстанбек

Сурет: sports.ru

Қ. Бүйенбай