Барселона жартылай финалда

Барселона жартылай финалда
Фото: Dynamo.kiev.ua

"Барселона" футбол клубының жанкүйерлері қуаныштарын жасыра алмай жүр. Бұған себеп жоқ емес. Испанияның "Барселона" футбол клубы өз алаңында "Миланды" қарсы алып, қонақтарды оңдыртпай жеңді. Кездесу 3-1 есебімен аяқталды. 

Есепті бірінші болып каталондық футболшылар ашқан болатын. Жалақыны ең көп табатын Лионель Месси кездесудің 11 минутында пенальтиді сәтті орындап, жанкүйерлерін бір қуантты-ау. Бірақ итальяндықтар да жеңісті қолдарынан жеңіл бергісі келмеді. Тартысты доданың 32 минутында итальяндықтар таразы базын теңестіріп, өз жанкүйерлерін бір тынышталдырғандай болды. Бұл жерде Антонио Ночерино көзге түсті. Бірақ, итальяндықтардың қуанышы көпке созылмады. Арада 9 минут өткеннен кейін, Месси осы кездесудегі өзінің екінші пенальтиін орындап, әдемі голдың авторы атанды. Басқаша болу мүмкін емес еді. Мессидің қолынан, ой кешіріңіздер, аяғынан келмейтіні жоқ. 

Ширек финалдағы кездесудің 53 минутында соңғы нүктені Андрес Иньеста қойды. 

Екінші жартылай финалға немістің "Бавариясы" жолдама алған болатын. "Бавария" өз алаңында франциялық "Марсельді" тізе бүктіріп, жерге қаратқан. Неміс клубының футболшысы Ивица Олич осы кездесуде екі рет көзге түскен.