Головкиннің қос нокауты алғашқы жарты жылдықтың үздігі атануға үміткер

Головкиннің қос нокауты алғашқы жарты жылдықтың үздігі атануға үміткер

Қазақстандық боксшы, орта салмақтағы WBA/IBO тұжырымдары бойынша әлем чемпионы Геннадий Головкиннің орындауындағы екі нокаут 2013 жылдың алғашқы жарты жылдықтың үздігі атануға үміткер болып отыр. Жеңімпазды анықтау жөніндегі дауыс беру ESPN спорт арнасының ресми сайтында басталып кетті. 

Сонымен бірінші болып үздік нокаутқа үміткер ретінде Генаның жапон боксшысы Нобухиро Ишидамен 30-наурыз күні Монакода болған кездесуі кіріп отыр. Ол жекпе-жекте отандасымыз Ишиданы үшінші раундта-ақ жақ тұсынан дәл көздеп ауыр нокаутқа жіберген болатын.

 Екінші нокаут 30-маусымда АҚШ-тың Машантукет қаласында болған британдық Мэттью Маклинмен болған кездесу үстінде орын алды. Ол жолғы нокаут та үшінші раундта болған еді. Бауыр тұсынан ауыр соққы алған Маклин кездесуді мерзімінен бұрын аяқтап, нәтижесінде Головкин қос белбеуін де қорғап қалды. 

Алайда дәл қазіргі кездегі дауыс беру бойынша Гена әзірге канадалық Адонис Стивенсонға жол беруде. Айта кетейік, Стивенсон 8-маусым күні американдық Чэд Доусонды бірінші раундта нокаутқа жіберген болатын.

 

Дайындаған: Болат Қосмағамбет

сурет: sport.nur.kz

Б. Қосмағамбет