Сәкен Бибосынов – Токио Олимпиадасының қола жүлдегері

Токио Олимпиадасының төрінде қазақ боксшысы Сәкен Бибосыновтың жартылай финалдағы кездесуі өтті. 52 келіде жарыс жолына шыққан отандасымыз Ұлыбританияның спортшысы Галаль Яфаймен кездесті.

Жекпе-жек тартысты өтті. Британ спортшысы салған бетте құйындатып алға ұмтылды. Қазақстандық боксшыны нокдаунға жіберіп те үлгерді. Бірақ Бибосынов намысқа тырысып, жойқын, дәл соққылар дарытты. Раунд соңында айқын басымдылық танытты. Алайда бірінші раундты төрешілер бір ауыздан ағылшынға берді.

Екінші раундта қазақстандық боксшы мінез көрсетіп, жинақы соққылар жасады. Бірақ есепті теңестіре алмады. Үш төреші ғана ұпай берді.

Үшінші раундта отандасымыз барын салды. Қарсыласына қарағанда көбірек соққы жасады. Бірақ бұл көмектеспеді. Төрешілер жеңісті Ұлыбритан спортшысына берді.

Айта кетейік, бұл – қазақстан құрамасының бокстан алған екінші медалі. Аса ауыр салмақта Қамшыбек Қоңқабаев та қолда жүлде иемденді. Осымен қазақстан құрамасы Олимпиададан 5-ші медальға қол жеткізді.