Руслан Жапаров пен Жансель Дениз жартылай финалға шыға алмады

Қазақстандық таеквондашылар Руслан Жапаров пен Жансель Дениз Токио Олимпиадасының жартылай финалына шыға алмады. Отандастарымыз ширек финалда сүрінді. 

Ерлер арасында 80 килодан жоғары салмақта бақ сынаған Руслан бірінші кездесуінде Германия спортшысы, 2017 жылғы әлем чемпионы Александр Бахманды 11:7 есебімен ұтты. Алайда ширек финалда Оңтүстік Корея елінің спортшысы Ку Дон Инге есе жіберді. Қарсыласы 10:2 есебімен жеңіске жетті. 

Әйелдер арасында 67 келіден жоғары салмақта сынға түскен Жансель ұлыбританиялық Бьянка Уолкденнен ұтылды. Есеп - 7:17. Жансель бірінші кездесуінде өзбекстандық Светлана Осипованы ұтқан еді. 

Екі спортшының да ширек финалдағы қарсыласы осал болған жоқ. Ку Дон Ин мен Бьянка Уолкден өз салмағындағы фаворит спортшылар.