13 жасында Олимпиада чемпионы атанғандар

13 жасында Олимпиада чемпионы атанғандар
Фото: EPA

Жапон қызы Момидзи Нисия 13 жасында скейтбордингтен Олимпиада чемпионы атанды. Күміс медальды еншілеген бразилиялық жас өреннің жасы да 13-те. Қазақ «он үште отау иесі» демекші, 13 жасында Олимпиада чемпионы атанғандар баршылық.

Скейтбординг Олимпиада ойындарына жаңа қосылған спорт түрі. Осы спорт түрінде 13 жасар спортшылар жеңімпаз әрі жүлдегер болды. Стрит сайысы бойынша өткен сында Момидзи Нисия 15,26 ұпай жинаса, бразилиялық Райсса Лил 14,64 ұпаймен күміс алды. Қола жүлдені 16 жастағы тағы бір жапон спортшысы Фуне Накаяме (14,49 ұпай) еншіледі.  

Момидзи Нисия Олимпиада ойындарында топ жарған ең жас спортшылардың үштігіне қосылды. Рекорд америкалық Марджори Гестрингке тиесілі. Ол 1936 жылы Берлинде өткен Олимпиада ойындарында үшметрлік трамплиннен суға секіруде алтын алған. Ол 13 жас, 268 күнде болған. Одан кейінгі жас спортшы – неміс Клаус Зерта. Ол 1960 жылы Римде алтын алғанда жасы 13 жыл, 283 күнде еді. Бұл қатарға үшінші болып Момидзи Нисия қосылды. Бүгін чемпион атанған жапон қызының жасы – 13 жыл, 330 күн.

Олимпиада тарихында ең жас чемпион жайлы түрлі деректер бар. 1900 жылы академиялық ескек есуде Марсель Депайе есімді бала чемпиондар қайығында болған. Бірақ ол баланың жасы анықталмаған. Тарихшылар 10 жаста болуы мүмкін деп тұспалдаған.

Н. Үсенова