Ольга Рыпакова: "Қазақстан олимпиаданың ашылуында жарқырап көзге түсті"

Ольга Рыпакова: "Қазақстан олимпиаданың ашылуында жарқырап көзге түсті"
Фото: Қазақстан ҰОК баспасөз қызметі, Сали Сабиров және Тұрар Қазанғапов

Бүгін, 23 шілдеде Токиода Олимпиада-2020 ойындарының ашылуы өтті. Қазақстанның туын көтерген Ольга Рыпакова мен Қамшыбек Қоңқабаев бастаған қазақстандық делегация көпшіліктің назарында болды.

Спортшыларымыз Ұлттық Олимпиада Комитетінің тапсырысы бойынша жасалған арнайы киіммен шеруге барды. Жұмысқа Әбілхан Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер музейінің мамандары қатысып, әйгілі алматылық сәнгер Виолетта Иванова дизайнын жасаған.

"Назар өте зор болды, бізді басқа елдердің спортшылары жиі тоқтатып, костюмдерімізді мақтап, суретке түсуді өтінді. Ашылу салтанатынан оралсақ, жылы лебіздерді әлі де естиміз. Бұл өте жағымды, одан әрі көңіл-күйді көтереді. Мен бүгін ашылу салтанатында Қазақстан жарқырап көзге түсті деп сеніммен айта аламын", - деді Рыпакова.

Айта кетейік, Forbes қазақстандық олимпиадашылардың киім үлгісін үздік тер қатарына қосқан еді. Үздік формалар тізіміне #teamKZ атлеттерінен бөлек, АҚШ, Либерия, Ресей, Чехия, Қытай, Оңтүстік Африка және Жапония командаларының формасы енген.

Қазақстан командасының формасын сипаттай келе, автор түстердің жақсы үйлесім тапқанына, ең бастысы – жобадағы командалық жұмыстың жоғары болғанына ерекше назар аударады. Өйткені, форманы дайындау барысына спортшылар да қатысқан болатын.

А. Оралқызы