Қаржысы көп киберспорт. Үздік 10 ойын

Қаржысы көп киберспорт. Үздік 10 ойын
Фото: freepik.com

Кибер ойындар ресми спорт түрі деп танылғаннан бастап бұл бағытға қаржы көптеп құйыла бастады. Қазірдің өзінде киберспорт өзге спорттардың басым көпшілігін жүлде қоры бойынша да, түсіретін пайдасы бойынша да оқ бойы озық тұр. Назарларыңызға 2018 жылы ең көп жүлде ойнатылған 10 ойынның тізімін ұсынамыз.

10-орын. Starcraft II

2018 жылы бұл ойын түрінен жарыстар саны арта түскен. Starcraft ойынының үздіктері жылына жүз мыңдаған доллар пайда табады. Алайда Оңтүстік Корея ойыншыларының көптігі соншалық өзге елдерден жарысқа қатысушылардың саны жыл өткен сайын азайып келеді.

Жүлде қоры — 3 944 517 доллар

9-орын. Call of Duty: World War II

Call of Duty - АҚШ елінде аса танымал. Негізгі ойыншылар мен басты жарыстар мұхиттың арғы бетінде өтеді. Ал Еуропа мен Азия секілді киберспорт еліндегі алпауыттарда бұл "шутерге" қызығушылық аз.

Жүлде қоры — 4 173 713 доллар

8-орын. Hearthstone

Үздік ондықта ойып тұрып орын алған Hearthstone ойынынан биыл жарыстардың өткізілу форматы өзгереді. Artifact — Heartstone ойыны шыққаннан соң аталмыш ойынға қызығушылық азаяды деген болжам болған. Алайда әзірге бұл тенденция байқалар емес.

Жүлде қоры — 4 691 852 доллар

7-орын. Heroes of the Storm

Өткен жылдың соңында Blizzard компаниясы Heroes of the Storm ойынынан жарыстарға қолдау көрсетуді тоқтататынын мәлімдеген болатын. Осыдан кейін көптеген командалар ыдырап кетті. Алдағы уақытта бұл ойын киберспорт тәртібінен мүлдем алынып тасталуы мүмкін.

Жүлде қоры — 5 273 716 доллар

6-орын. Overwatch

Blizzard компаниясының Heroes of the Storm ойынынан бас тартуының бір себебі Overwatch ойынын нарықта жылжыту. Соңғы уақытта бұл ойынға деген қызығушылық артып келеді.

Жүлде қоры — 6 587 291 доллар

5-орын. PUBG

Салыстырмалы түрде жақын ғана пайда болған PUBG ойыны бірден танымал ойындардың тізіміне енді. Корольдік жанрдағы үздік ойынынан жарыстар көптеп өткізіліп, жүлде қорлары күн өткен сайын өсіп келеді.

Жүлде қоры — 6 965 481 доллар.

4-орын. League of Legends

League of Legends — бір ғана компанияның аясында өтетін киберспорт тәртібі. Riot Games басқаруындағы бұл ойын ТМД елдерінде танымал болмағанымен, Қытай, Корея секілді Азия мемлекеттерінде сұранысқа ие.

Жүлде қоры — 14 394 050 доллар

3-орын. Fortnite

Үздік үштікті стримерлер арасында аса танымал Fortnite ойыны ашады. Fortnite жарыстарында 2018 жылы 20 миллион доллардан астам қаржы ойнатылған.

Жүлде қоры — 20 074 787 доллар

2-орын. CS:GO

Даңқты ойын десек артық айтпаспыз. 2000 жылдардың басында танымал болған Counter-Strike ойынының жалғасы қазір де танымалдылығын жоғалтпаған. Өткен жылы CS:GO ойынынан 800-ден астам турнир ұйымдастырылған екен. 

Дәл осы ойыннан қазақстандық киберспортшылар әлем бойынша жоғары нәтижелер көрсетіп жүр. Мысалы, Avangar командасы әлемнің үздік 20 ұжымының тізіміне енеді.

Жүлде қоры — 22 587 367 доллар

1-орын. Dota 2

Сөзсіз, киберспорт әлеміндегі алпауыт - Dota 2. Бір ғана The International турнирінің жүлде қоры 25 миллион долларды құрайды. Бұл ойын да ТМД елдерінде сұранысқа ие. 

Жүлде қоры — 41 306 630 доллар.

А. Рысдәулет