Қазақстандық команда киберспорт жарысында жүлдегер атанды

Киберспорттан қазақстандық Syman Gaming командасы Counter Strike: Global Offensive ойынан өткен Eden Arena Malta Vibes Cup 4 турнирінде жүлдегерлер қатарынан көрінді.

Жартылай финалға дейін еш мүдірмей жеткен қазақстандық ұжым финалдың жолдамасы үшін өткен матчта ресейлік Gambit Youngsters командасынан 0:2 (11:16, 12:16) есебімен жеңіліс тапты. Ал ресейлік ұжым өз кезегінде шешуші ойында франциялық команданы ұтып, жарыс жеңімпазы атанды. 

Осылайша қазақстандық ұжым Eden Arena Malta Vibes Cup 4 турнирінің қола жүлдегері атанды. Бұған дейін Syman Gaming командасы мамыр айында Home Sweet Home Cup турнирінде де үздік үштіктен көрінген еді.

Eden Arena Malta Vibes Cup 4 жарысының жүлде қоры 40 мың долларды құрады. Жарыс жеңімпазы 25 мың доллар алса, үшінші орынан көрінген қазақстандық ұжымның қоржынына 2,5 мың доллар сыйақы түсті. 

Syman Gaming командасы сапында қазақстандық Рүстем MOU Телепов, Санжар neaLaN Ысқақов, Айдос kade0 Хайржан, ресейлік Давид n0rb3r7 Даниелян мен бельгиялық Николя Keoz Джус өнер көрсетеді.