Киберспортшы деген кім?

Қазақстан киберспортты ресми спорт түріне қосқанымен елімізде көп адам керағар пікірде. Дегенмен Спорт сөзінің түп мағынасына сүйене отырып киберойындарды спорт екеніне көз жеткіземіз. Бірінші кезекте бұл – жарыс рухы және үздік болуға ұмтылыс. Кәдімгі спорттағыдай бұл жерде де командалар, ойыншылар, жанкүйерлер, жарыстар, бірыңғай ережелер мен тәртіп бар.

Олимпиада бағдарламасында пневматикалық тапаншадан ату спорты бар. Әрине, бұл жарыс жүгіру, күрес секілді кәдімгі спорт түрлерінен едәуір айырмашылығы бар. Бірақ төрт жылда бір келетін дүбірлі доданың бағдарламасына енген. Онда неге киберспортты спорт санамасқа? Комьютерден аттың не, пневматикалық тапаншадан аттың не - айырмашылық үлкен емес.

Киберспортшы деген кім?

Киберспортшы сөзін естігенде көз алдымызға көзілдірік киген, арық, еріншек жас баланың бейнесі келеді. Алайда өмір мұның қате стереотип екенін дәлелдеп берді. Бүгінде киберспортшылар әлемге танымал ойыншы, жастар үлгі тұтатын тұлға және кәсіби спортшылардың басым бөлігінен көп табыс табады. 

Олар сіз ойлағандай тек компьютер алдында күні-бойы ойын ойнап отырмайды. Көшбасшы командаларда дәрігер, диетолог және психологтар жұмыс істейді. Киберспортшылар кәсіби спортшылар секілді күн тәртібін сақтап, компьютер алдындағы дайындықты физикалық жаттығумен алмастыруды ұмытпайды. Оған қоса психологтар әр ойыншымен жеке жұмыс істейді. Ал диетологтар киберспортшылардың дұрыс ас ішуін қадағалайды.

Киберспортшылардың қарапайым адамнан айырмашылығы – олардың ойлау қабілеті жылдамырақ. Қарапайым адамға шешім қабылдау үшін 200 миллисекунд қажет болса, киберспортшылар 130 миллисекундта шешім қабылдап үлгереді. Осы себепті ойыншылар бір минутта пернетақтада 300-ге жуық әрекетті ойланып істейді. 

Жастар неге киберспортты таңдайды?

Әдетте киберспортшылар күніне 4 сағат жаттығады. Алайда жарыс күні жақындағанда 12 сағатын компьютер алдында өткізуі мүмкін. Киберспортта қарапайым спортқа қарағанда жарақат алу фактісі жоқтың қасы. Ойыншы да, жанкүйер де физикалық не моральдық жарақат алмайды. Оған қоса мамандар киберспорт тарихында ойыншылар арасында, не жанкүйерлер арасында бір де бір қақтығыс болмағанын айтады.

Киберспорт 10 жылдан бері ойын нарығында жақсы дамыды. Алайда дәл қазір киберспорттың бұл нарықтан шығып, спортқа әрі бизнеске ауысатын уақыт жетті. Қазірдің өзінде ойыншылар мен командалар ірі турнирлерге қатысып, әлемдік танымалдыққа ие болып келеді.

Киберойындар – көптеген спорт түріне қарағанда көп қаржы тарта алатын нарық. Қазірдің өзінде киберспорт өзге спорттардың басым көпшілігін жүлде қоры бойынша да, түсіретін пайдасы бойынша да оқ бойы озық тұр. Dota 2 ойынынан өтетін бір ғана The International турнирінің жүлде қоры 25 миллион долларды құрайды.