16 жастағы киберспортшы әп-сәтте миллионер атанды

16 жастағы киберспортшы әп-сәтте миллионер атанды
Фото: CNBC.com

Жақында Нью-Йорк қаласында тұңғыш рет жасөспірімдер арасында аса танымал Fortnite ойыны бойынша әлем чемпионаты өтті. Жарыстың барысын онлайн режимде 2 миллионға жуық көрермен тамашалған. Ал турнирдің жүлде қоры $30 миллионды құрады.

Кайл Гиерсдорф есімді Пенсильвания мектебінің 10-сынып оқушысы қарсылас шақ келтірмей, әлем чемпионы атағын жеңіп алды. Сонымен қатар, ол $3 млн сыйақысымен киберспорт тарихында ең көп сыйақы алған ойынгер атанды. 16 жастағы оқушы әлем бойынша 40 миллион адамның ішінде үздік болды. 

Кайл оқуын ойынмен қатар алып жүреді. Сабақтан қолы бос кезде күніне 6 сағаттан жаттығады екен. Ал қомақты қаржының басым бөлігін мектепті тәмәмдағанша жұмасауды жоспарлап отыр. 

Fortnite: Battle Royale - корольдік айқас жанрындағы ең ерекше ойынның бірі. Үлкен аралдар, қалалар, ұшатын автобустар — бәрі осы ойында. Қару-жарақтың түрлісі бар. Әдемі әрі көңілді ойын.

Бүгінгі таңда бұл ойынды 250 миллионнан астам адам ойнайды екен. Өткен жылы бір ойыннан түскен табыстың мөлшері $2,4 миллиардтан асты. Fortnite жарыстарында 2018 жылы 20 миллион доллардан астам қаржы ойнатылған.

А. Рысдәулет