Жаңа мамандық: Кәсіпқой геймерлер

Жаңа мамандық: Кәсіпқой геймерлер
Фото: Avangar

Қытай үкіметі мамандық тізімін кеңейтпек. Жаңа мамандықтарға геймерлер, жасанды сананы зерттеушілер және өнеркәсіптік дронды басқарушылар енген.

Қытайдың жұмыспен қамту, жаттығу және техникалық нұсқаулар орталығы кәсіпқой геймерлер жарысқа қатысып, басқа ойыншыларды үйретіп, сондай-ақ жаңа ойынды әзірлеумен пайда табатынын алға тартқан. Бұдан бөлек - ойын операторлары мамандығы бар. Олар ойындарды дамытумен және жаңа ойындарды әзірлеумен айналысады.

Соңғы уақытта Қытайдың ойын нарығындағы үлесі артып келеді әрі "аспан асты" елі киберспортшыларының саны бойынша әлемде көш басында. Әзірге Қытайдың киберспорттағы басты жетістігі - The Intenational 2018 жарысында LGD командасының жеңіске жетуі. 2015 жылы Қытай үкіметі киберспортшыларды дайындайтын орталықтар ашты.

Киберспорт. Ермек пе әлде спорт па?

Киберспорт – компьютер ойындары арқылы өткізілетін топтық жарыс түрі. Киберспорт тарихы 1997 жылдан бастап, CPL-ны (The Cyberathlete Professional League) құрылуынан және де олардың Quake атты компьютер ойынынан жарыс өткізуінен бастау алады. Киберспорт дүниежүзіндегі қарқынды дамып келе жатқан спорт түрі ретінде саналады. 1997 жылдан бастап осы кезге дейін турнирлер әр жыл сайын Warcraft III, LoL, Dota2, Counter-strike, PlayerUnknown's Battleground және де Starcraft атты компьютер ойындарынан өткізіліп келеді. Соңғы уақытта бұл ерекше спорт түрін олимпиада бағдарламасына қосу туралы бастамалар жиі айтылуда. 

Біздің елде жастарға арналған Киберспорт академиясы құрылады. Алғашқы орталық алдағы бірер айда Астана қаласында ашылады деп жоспарланып отыр. Жобаның жұмыс атауы Esports Academy болмақ. Академияда CS:GO тәртібі бойынша дайындық жүргізіліп, шеберлік сағаттары мен 12-20 жас аралығындағы жасөспірімдер арасында жарыстар өткізіледі. Бұл ойын әлемде жақсы танымал. CS:GO бойынша көптеген ұйымдар бар және әр түрлі деңгейдегі жарыстар өтіп тұрады. Алдын ала бағам бойынша елімізде 1,5 миллионға жуық белсенді ойыншылар бар. Сондай-ақ, он шақты киберспорт командалары бақ сынап жүр. Үздіктері - AVANGAR және Gambit Esports. Аталмыш ұжымдар әлемдік және ТМД елдерінің әр түрлі рейтингілерінде жоғары орындардан көрінеді.

Massaget