PlayStation 5: қарапайым және сандық модификация

Sony компаниясы жанкүйерлер назарына PlayStation 5 консолінің екі түрін ұсынды. Жаңа фотодан қарапайым және сандық PS5 көруге болады.

Сандық PlayStation 5 қарапайымына қарағанда жұқа, өйткені диск салатын тартпасы жоқ. Ойындарды тек Sony-дің виртуал-дүкенінен сатып алуға болады. Осыған байланысты сандық PlayStation-ның бағасы да арзанырақ. 

Sony бесінші PlayStation-ды 2020 жылдың соңына қарай сатылымға шығаруды жоспарлап отыр. Бағасы шамамен 200 мың теңгеден басталады деп күтілуде.

Бұған дейін Sony компаниясы PlayStation 5-ке арналған жаңа геймпадын таныстырды. Оған DualSense деген атау берілген. 

Ойынның жаңа контроллері осыған дейінгі DualShock 4-ке формасы жағынан ұқсас. Бірақ айтарлықтай айырмашылықтар енгізілген. Корпусы ақ түсті, қара түсті жолақтары бар. Геймпад алдына Create батырмасы қосылған. Бұл батырма Share-ді алмастырады және жаңа мүмкіндіктерін жүзеге асырады.

Options батырмасы қалыпты орнында қалған. Ал үстіндегі жарық панелі алынып тасталған. DualSense-те вибрация жетілдіріле түскен. Сондай-ақ микрофонмен жабдықталған. Достармен сөйлесіп отыруға мүмкіндік береді.