Жартылай финал жолдамасы қоржында

Жартылай финал жолдамасы қоржында

Бүкіл Әлемдік бокс сериясында өнер көрсететін «Астана Арланс» командасы бұл топтаманың жартылай финалына шықты.

Ширек финал барысында елордалық команда «Аргентина Кондорс» командасын өз алаңында қабылдап, 5-0 есебімен жеңді. Естеріңізде болса, бірінші кездесу Аргентинаның астанасы Буэнос-Айресте 3-2 есебімен аргентиналық былғары қолғап шеберлерінің пайдасына шешілген болатын. Сондықтан да Алматының «Алматы Тауэрс» ғимаратында өткен жарыста жерлестеріміз міндетті түрде айқын басымдылықпен жеңу керек болған.

Бұл командалар арасындағы кездесудің шымылдығын 54 келі салмақта өнер көрсететін «арлан» Бағдат Әлембетов пен аргентиналық Игнасио Перрин арасындағы жекпе-жек ашты. WSB-дің жекелей рейтінгінде өз салмағында 12 сатыда тұрған Бағдат тізімнің 28 сатысында тұрған Перринді оңай жеңді. Жекпе-жектің қорытындысы бойынша барлық төреші бір ауыздан жеңісті біздің жерлесімізге берді. Ал екінші болып бұл бокс кешінде шаршы алаңға Ержан Мүсәпіров пен Бриан Иван Нуньез шығатын болу керек еді. Дегенмен аргентиналық былғары қолғап шеберінің визасы дұрыс болмай, ол келген күні қайта отанына қайтқан. Сондықтан да WSB штаб пәтерінің шешімі бойынша бұл жұптағы жеңіс Ержанға бұйырды.

Үшінші болып рингке 73 келі салмақтағы біздің израильдік Константин Снигур мен аргентиналық клубтың Доминикан Республикасынан келген легионері Давид Хенри Поланко арасында өтті. Төрешінің гонгы естілгеннен кездесудің өту барысын өз қолына алған Костя «Арландардың» бұл жекпе-жектегі үшінші жеңісіне жетті. Бұл Снигурдың топтамадағы 6 жеңісі болатын. Дегенмен үш жеңіс «Астана Арланс» командасының жартылай финалға бірден шығуына жеткілісіз болатын. Сондықтан 85 келідегі Эхсан Рузбаханиге жанкүйерлердің артқан сенімі көп болды. Оның қарсыласы Факундо Науэль Сималь WSB-дің 38-сатысындағы боксшы. Аргентиналық боксшының алаңға шыққанына қарап, Факундоны қарымды боксшы деп ойлағанбыз. Бірақ, бұл тек ой ғана екен. Ал іс барысында біздің ирандық боксшымыз Симальды айызы қанғанша ұрды-ау. Жекпе-жекті тамашалап отырған жанкүйерлердің көбі қазір аргентиналық боксшының бапкері рингке орамал тастайды деген болатын. Дегенмен ондай оқиға орын алған жоқ. Фкаундо оңбай таяқ жесе де, жекпе-жекті соңына дейін аяқтады. Эхсанның жеңісінен соң біздің команда 4-0 есебімен алда тұрды. Бұл дегеніміз «Астана Арланс» жартылай финалға ешқандай қосымша кездесусіз-ақ шығып тұрды деген сөз. Сол себепті де 91 келіден жоғары аса ауыр салмақтағы боксшылар Роман Капитоненко мен Хуан Хосе Веласко арасындағы кездсуді тамашалауға жанкүйерлердің біршамасы шыдамдылық танытпады. Дегенмен бұл кездесу де айтарлықтай қызық болды деуге келмейді. Қарсыласынан бір бас жоғары Роман кездесуді техникалық нокаутпен өз пайдасына шешті. Қорытынды есеп: 5-0, біздің команданың пайдасына.

Жалпы есепте «Астана Арланс» командасы «Аргентина кондорс» командасын 7-3 есебімен жеңді. Енді астаналық команда жартылай финалдық қарсыластарын күтетін болады. Айта кетейік, жартылай финалда «арландар» Ұлыбритания немесе Мексика елдерінің клубтарының бірімен кездесетін болады.  

Репортажды дайындаған: Уалихан Қосанбай

Сурет: sports.kz

Ю. НИКУЛЛИН