"Барсаның" "Миланды" ұтуы мүмкін бе?

"Барсаның" "Миланды" ұтуы мүмкін бе?

Бүгін Астана уақытымен сағат 01:45-те Чемпиондар Лигасының 1/8 финалында «Барселона» мен «Милан» командалары қарымта кездесулерін өткізбек. "Милан" клубы ширек финалдық жолдаманы қолдарында ұстап қалуға тырысса, керісінше, каталондықтар екі голдың есесін қайтару мақсатында гандикап жасауға бар күштерін сарқитын болады.

Бүгін кешке "Барса" командасы «Сан-Сиродағы» сәтсіздіктің алдын алып, туған өлкенің төсінде, яғни «Камп Ноу» стадионында тоқсан мың жұртшылыққа тамаша футбол спектаклін қойып беруге тырысады. Ол үшін Месси бастаған, Хави қостаған ойыншылар ғаламат ойын өрнегін көрсетуі тиіс.

Италияндық клубтың бас бапкері Массимилиано Аллегри ойынға бірінші минуттардан үш бірдей шабуылшыны шығарып, жарақат алып қалған Найджел де Йонг, Джампаоло Паццини мен Филипп Мексес секілді ойыншыларды қосалқы құрамда қалдыруы мүмкін. 

Өткен аптада қос команда да ішкі біріншілікте жеңіске жете алды. «Барселона» өз алаңында «Депортивоны» тізе бүктірсе, «Милан» командасы қонақта «Дженоа» клубынан басым түсті.

Жорди Роура бапкер ойынға Хавидың шығу-шықпауын әзірше дүдәмал күйінда қалдырып отыр. Жылдам әрі жас есепті Тиагоның ойынға араласып қалуын жоққа шығармады.

Кім не деді? Қысқа да нұсқа қылып келтіре кетсек:

Массимилиано Аллегри,  «Милан» командасының бас бапкері: "Үш шабуылшымен ойнайтын боламыз... Италиялық футбол еуропалық чемпионаттардағы ойындардан әрқашан айырмаланып келген... Тамызда бастау алған команданың жаңа түзілісі бүгінгі күн жеңіліп қалып жатқан жағдайда да одан әрмен қарқынды түрде құрыла беретін болады".

Жорди Роура, «Барселона» командасының бас бапкер көмекшісі: "Ойын жағдайын өзгертуге тырысамыз... Ойын тоқсан минутқа созылатындықтан баспен жұмыс істеу керек және салқындалық сақтап, басымдылықты қолдан шығарып алмауға тиіспіз. Мұндай қиындыққа бұдан бұрын да тап болған болатынбыз...".

Жерар Пике, «Барселона» командасының қорғаушысы: "Тоқсан мың адамның бізге сенгені дұрыс... Адамдар естерінен тез шығарып алады. Бұл команданың өте-өте үлкен мүмкіндіктерге қол жеткізе алатынын біліп жүрсін деймін. Оның ішінде - бүгінгі жеңіс!"

Массимо Амброзини, "Милан" командасының капитаны: "Ойынның тағдыры біздің көңіл-күйімізге байланысты..."

Андрей Шевченко, "Миланның" бұрынғы ойыншысы: "Екі голдың айырмашылығы "Миланға" ешқандай кепілдік бере алмайды... "Миланның" келесі кезеңге өтуге үлкен мүмкіндігі бар..."


сурет:vk.com 

Дайындаған: Фараби Арыстанбек

Л. Лига