ӘЧ Денис Тен әзірге үшінші

ӘЧ Денис Тен әзірге үшінші

Белоруссия астанасы Минск қаласында жасөспірімдер арасында мәнерлеп сырғанаудан әлем чемпионаты өтіп жатыр. Біздің елден барған спортшылар да бақ сынауда. Аталған жарыста керемет өнер көрсеткен  Денис Тен қысқа бағдарламаның қорытынды нәтижесі бойынша әзірге үшінші нәтижеге қол жеткізді. 

Бұл жарыста 75,43 ұпай санымен АҚШ спортшысы Джошуа Фаррис алда болса, біздің Денис 73,78 ұпай жинады. Екі фигуристің ортасында қытайлық Ян Хана 74,88 ұпаймен екінші орында орналасқан. Еркін бағдарлама бойынша байқау-бәйге наурыздың 3-і күні өтеді деп жоспарлануда.

Тенмен бірге әлем чемпионатына тағы үш бірдей қазақстандық спортшы аттанған. Қыздар арасында алдын ала байқауда өнер көрсеткен Регина Глазман тек 27-ші нәтиже көрсетіп, басты топқа іліне алмады. Бишілер дуэті байқауында қазақстандық Карина Узурова мен Ілияс Әли жарыстың ақтық мәресіне жолдама алғанымен, қысқа бағдарламаның нәтижесі бойынша, тек 22-орынға қол жеткізе алды. Бұл байқауда 25 дуэт өнер көрсетті. Бірақ, еркін бағдарламаның жүлделері үшін сынға жолдама алу үшін қазақстандықтар кем дегенде 20-шы нәтиже көрсетулері керек еді. "Бап шаба ма, бақ шаба ма" деген осы шығар.

Жалпы алғанда, жастарымыздың қарқыны жаман емес. Тек әдептен озып кетпесе болғаны. Осы жылдың қаңтар айында австриялық Инсбургте жасөспірімдер арасында өткен олимпиада ойындарында Узурова мен Әлиге ашық костюмі үшін айыппұл салынды. Қазылар алқасы тарапынан спортшыларымыздың ұпай саны төмендегенімен, қазақстандық жұп бұл жарыста алтыншы көрсеткішке ие болды. Тәртіп сақтасақ, жеңісті күндердің алда екені анық.

Форумда талқылау

Сурет: sport.gazeta.kz