Ресей құрамасы бендиден әлем чемпионы атанды

Ресей құрамасы бендиден әлем чемпионы атанды

Ресей құрамасы бендиден 2013 жылғы әлем чемпионы атанды, деп хабарлайды Vesti.kz тілшісі.  

Биыл да өткен жылдың финалдық ойыны қайталанды. Ресей құрамасы Швециямен кездесті. Матчтағы есепті 7-минутта айдын иелері ашты. Көзге түскен Даниэль Андерссон. Бірақ ресейліктер арада бір минут өткеннен соң, есепті теңестіріп кетті. Гол Петр Захаровтың еншісіне жазылды. Бірінші тайм аяқталар тұста, ресейліктер қатарынан Евгений Иванушкин бұрыштан берілген допты сәтті ұрып, команданы алға шығарды. 

Екінші таймда, командалар айналасы екі минуттың ішінде гол алмасып үлгерді. Ресейліктерден Иванушкин (69-минут) есепті ұлғайтса, шведтер тарапынан Андерссон (71-минут) есепті минималдыққа дейін қысқартты. Ойын аяқталарға 8 минут қалғанда, Юрий Шардаков Ресей командасына жеңістің ауылын біршама жақындатып тастады. Алайда, қосымша белгіленген уақытта Патрик Нилссон есепті тағы да қысқартты. Бірақ, шведтердің бұдан әріге шамалары да, уақыттары да жетпеді. Нәтижесінде 2013 жылғы бендиден әлем чемпионы атағы Ресей құрамасына бұйырды. 

Естеріңізге салсақ, осыған дейін Қазақстан құрамасы үшінші орын үшін Финляндиямен болған матчта 6:3 (2:2) есебімен жеңіске жетіп, жарыстың қола жүлдегері атанған еді. 


Дайындаған: Болат Қосмағамбет

сурет: vesti.kz

Б. Қосмағамбет