Төрт боксшымыз әлем чемпионатының финалында жұдырықтасады

Төрт боксшымыз әлем чемпионатының финалында жұдырықтасады
Фото: Qazsport

Бокстан Белградта өтіп жатқан әлем чемпионатының финалына төрт боксшымыз шықты. Олар – Теміртас Жүсіпов, Махмұд Сабырхан, Сәкен Бибосынов және Серік Теміржанов. Абылайхан Жүсіпов қола жүлдегер атанды.

Финалға шыққан боксшылар саны бойынша Қазақстан мен АҚШ бір қатарда тұр. Екі елден де 4 боксшыдан финалға шыққан. Куба және Ресей елдері 3 боксшысынан алтын күтеді. Жапонияның 2 былғары қолғап шебері финалда бақ сынайды.

Төрт боксшымыздың финалға шығуы – өз тарихымыздағы екінші үздік көрсеткіш. 2013 жылы Алматыда өткен бәсекеде 6 боксшымыз финалда бақ сынаған.

48 кило. Теміртас Жүсіпов – Вуттичай Юрачай

33 жастағы қазақ боксшысы жартылай финалда беларусь спортшысы Евгений Кармильчуктан басым болды. Финалда тай боксшысы Вуттичай Юрачаймен жұдырықтасады. Финалдағы жекпе-жек бүгін кешкі сағат 23:00-де өтеді.

Теміртас үшін 2021 жыл сәтті өтуде. Биыл әскерилер арасында әлем чемпионы атанды. Енді басты бәсекеде топ жаруға қадам жасап тұр. Финалға дейін серб Омер Аметовичті, одан кейін өзбек Нодиржон Мирзаахмедовты жеңді.

54 кило. Махмұд Сабырхан – Томоя Цобой

Спорт жанкүйерлерін ерекше талантымен таңғалдырған боксшымыз – Махмұд Сабырхан. 20 жасында әлем чемпионатының финалында бақ сынайды. Осыған дейін жастар арасында халықаралық жарыстарда топ жарып жүрсе, енді ересектер арасында ел абыройын асырар сәті келді.

Махмұд Сабырхан жартылай финалда үнді боксшысы Акаш Кумарды жеңді. Финалда жапон спортшысы Томоя Цобоймен жұдырықтасады. Алтын медаль үшін болатын жекпе-жек бүгін кешкі сағат 23:15-ке жоспарланған.

51 кило. Сәкен Бибосынов – Роско Хилл

Токио Олимпиадасында қола медаль алған отандасымыз әлем чемпионатының алтынына қол созады. Финалдағы қарсыласы – америкалық Роско Хилл.

Сәкен финалға дейін үнді боксшысы Дипакты, колумбиялық Юберхен Мартинес Ривасты жарыс жолынан шығарды. Жартылай финалда тай боксшысы Танарат Саенгпхеттен басым болды. Роско Хилл болса армян Артур Оганесян, италиян Федерико Серра және ресейлік Ахтем Закировтан айласын асырды.

Екі боксшы арасындағы финалдық жекпе-жек 6 қараша күні кеште (23:00) өтеді.

57 кило. Серік Теміржанов – Джамал Харви

Серік Теміржанов финалда америкалық боксшымен жұдырықтасады. Екеуі де финалға дейін бес жекпе-жектен өткізді. Мықты, мықты деген боксшыларды жарыс жолынан шығарды. Джамал Харви үшін өзбек Миразизбек Мирзахалиловпен өткен жекпе-жегі ауыр соқса, Серікке кубалық боксшыға қарсы кездесуі оңай болмады.

Екі боксшы арасындағы финалдық жекпе-жек 6 қараша күні кеште (23:15) өтеді.

Бокстан әлем чемпионатының жүлде қоры 2,6 миллион долларды құрайды. Жарыс жеңімпаздары 100 мың АҚШ долларына ие болады. Күміс жүлдегерлер – 50 мың, қола жүлдегерлер 25 мың доллар алады.

Финалдық жекпе-жектер:

60 кило:
Абдумалик Халоков (Өзбекстан) – Софьян Умиа (Франция)

63.5 кило:
Керем Өзмен (Түркия) – Энди Круз (Куба)

67 кило:
Севон Окадзава (Жапония) – Омари Леймон Джонес (АҚШ)

71 кило:
Вадим Мусаев (Ресей) – Юрий Захариев (Украина)

75 кило:
Йонелис Эрнандес (Куба) – Джамбулат Бижамов (Ресей)

80 кило:
Алексей Альфиоров (Беларусь) – Робби Гонсалес (АҚШ)

86 кило:
Кено Мачадо (Бразилия) – Лорен Альфонсо (Әзербайжан)

92 кило:
Хулио Сезар Де Ла Круз (Куба) – Азиз Аббес Мухиддин (Италия)

+92 кило:
Давид Чалоян (Армения) – Марк Петровски (Ресей)

Н. Үсенова