2020 жылы жарыстардан шеттетілген қазақстандық спортшылар

2020 жылы жарыстардан шеттетілген қазақстандық спортшылар

Спорттағы бір дау, ол – допинг. Бір спортшылар саналы түрде қолданса, енді бірі білместіктен допинг дауының "құрбаны" болып жатады. Таяуда ғана Азия футбол конфедерациясы (АФК) Қазақстан ұлттық құрамасының капитаны Бауыржан Исламханды 2 жыл жарыстарға қатысуына шектеу қойды.

Бауыржаннан өзге биыл жарыстардан шеттетілген қазақстандық спортшылар аз емес, біршама. Кей спортшылардың қан сынамасынан допинг бірер жыл бұрын анықталып, биылдан бастап шешімі күшіне енгендері бар.

Қазақстан Республикасы Допингке қарсы ұлттық орталығы дерегі бойынша жыл басынан бері 23 қазақстандық спортшы жарыстардан шеттетілген. Оның ішінде жеңіл атлетикадан – 5, велоспорттан – 3, волейболдан – 3, ауыр атлетикадан – 2, дзюдодан – 2, парапауэрлифтинг 2 спортшыдан анықталған. Сондай-ақ шаңғы спорты, армрестлинг, шайбалы хоккей, теннис, дзюдо, самбо, гимнастика спорттарынан да бір-бір спортшылар бар.

Биыл спорттан шеттетілу уақыты нақтыланған танымал спортшылар қатарында ауыр атлетикадан Олимпиада жүлдегері Анна Нурмухамбетова және шаңғы жарысынан талай жарыста жүлде алған Алексей Полторанин бар. Олар 2023 жылдан бастап жарыстарға қатыса алады. 

Н. Үсенова