Макгрегордың оралуы. UFC 246 турнирі қашан өтеді?

Ирландиялық аралас жекпе-жек шебері Конор Макгрегор октагонға оралады. Жанкүйерлері асыға күткен жекпе-жегіне де бір аптаға жетер-жетпес уақыт қалды.

2020 жылдың алғашқы UFC кеші 19 қаңтар күні Лас-Вегастағы T-Mobile аренада өтеді. Басты жекпе-жекте Конор америкалық Дональд Серронемен шайқасады. Нұр-Сұлтан уақытымен алғанда 19 қаңтар күні таңда болады.

UFC – нағыз табыс көзі. Бұл жекпе-жек үшін Конор Макгрегор шамамен 5 миллион АҚШ долларын алады. Дональд Серроне болса 2 миллион АҚШ доллары көлемінде табысқа кенеледі. Сондай-ақ спортшылар ақылы көрсетілім мен демеушілер қаржысынан да белгілі бір көлемде сыйақы алады.

UFC 246 турнирінде Конор Макгрегордың ережесі жекпе-жектегі болашағы шешілмек. Жеңсе абыройы асқақтай түседі. Жеңілсе мансап жолын жалғастыру қиын соқпақ.

Бұл жекпе-жекте ирландиялық спортшы айқын фаворит саналуда. Букмекерлік орталықтар Конордың жеңісіне 1,28 коэффициент беруде. Ал кей спорт сарапшылары Серронеге де сенім артады.

Конор Макгрегор 2018 жылдың қазан айында ресейлік Хабиб Нурмагомедовке есе жіберді. Содан карьерасын аяқтағаны жайлы хабарлады. Кейін қайта оралды. Қазіргі таңда оның еншісінде 21 жеңіс, 4 жеңіліс бар.

Дональд Серроне осал спортшы емес. Макгрегордан 5 жас үлкен. Ережесіз жекпе-жекте өткізген кездесулері екі есе көп. Нақтырақ айтсақ, 36 рет жеңіске жеткен. 13 жекпе-жекте қарсыласына есе жіберген. Тони Фергюсон (ұтылған), Эл Яквинта (ұтқан), Хорхе Масвидаль (ұтқан), Эдди Альварес (ұтқан), Нейт Диас (ұтылған), Дэнни Кастильо (ұтқан) сынды мықтылармен шайқасқан тәжірибесі бар. "Ковбой" деген лақап атпен танымал. Басынан ковбойлар киетін қалпағын да тастамайды.

Қазақстандықтар қайдан көре алады?

Иә, бұл жекпе-жекті қазақстандық спортсүйер қауым тікелей эфирде көре алады. QazSport арнасы Лас-Вегастағы UFC 246 кешін көрсететіні жайлы хабарлады. Таңғы сағат 7-де бастапқы кездесулер өтсе, Макгрегор – Серроне жекпе-жегі сағат 9-ға қарай басталады.