Хабиб Нурмагомедов: "Қазақстан – екінші отанымыз". GFC23 турнирі қалай өтті?

Алматыда аралас жекпе-жектен Gorilla Fighting Championship ұйымының 23 турнирі өтті. Кештің басты қонағы - жеңіл салмақта UFC чемпионы Хабиб Нурмагомедов. 

"Алматы Арена" кешеніндегі кештің алғашқы жекпе-жегінде қазақстандық Руслан Базив пен өзбек өкілі Хасан Базоров жұдырықтасты. Үш раундта жалғасқан кездесудің жеңімпазын төреші анықтайтындай көрінген. Алайда соңғы минуттарда қазақстандық файтер қарсыласын қылқындыру әдісімен жеңіп кетті. Артынша октагонға шыққа Еламан Шертаев Ресейден келген Умар Кунакбиевтен төрешілердің шешімімен жеңіліс тапты. Бұл қазақстандық спортшының кәсіпқой аралас жекпе-жегіндегі алғашқы кездесуі болатын.

Тағы бір қазақстандық спортшы Абылай Төлеш Тәжікстан өкілі Хуршед Назаровпен жұдырықтасты. Үш раундқа созылған жекпе-жектің жеңімпазын төрешілер анықтады. Қазылардың басым көпшілігінің даусымен тәжік спортшысы басым болды. ММА-дегі алғашқы жекпе-жегінде қазақстандық спортшы Дархан Бакенов жеңіске жетті. Аса ауыр салмақта өткен жекпе-жекте ол украиналық Евгений Голубті бірінші раундта-ақ техникалық нокаутпен жеңді. Кештің алғашқы бөлігін Әділ Боранбаев пен бразилиялық Сандро Соузаның жекпе-жегі аяқтады. Қазақстандық файтер үш раундта созылған кездесуде төрешілердің біраузыдан қабылдаған шешімімен қарсыласынан басым түсті.

Көрермендер көп күткен Хабиб Нурмагомедов кештің ортасында сегізбұрышқа шығып сөз алды: "Біздің спортшылар сіздерге сәлемдеме жолдады. Мына нәрсені айтқым келіп тұр. Қазақстан біздің Дағыстанда, жалпы бүкіл Кавказда ерекше орында тұр. Өйткені бұл біздің екінші отанымыз. Біреулерді қинап әкелген, енді біреулер өздері көшіп келген. Бірақ сіздер, қазақтар, бізді өздеріңіздің туғандарыңыздай қабылдап, қолдау көрсеттіңіздер. Біз сіздердің жақсылықтарыңызды білеміз, есімізге аламыз, ұмытпаймыз. Сіздерге осы үшін көп рақмет!", – деді UFC чемпионы.

Кештің негізгі кардында бес қазақстандық файтер өнер көрсетті. Жеңіліс дәмін татпаған Руслан Сәриев бразилиялық Матеус Браунспен (6-0) жұдырықтасып, төрешілердің шешімімен жеңіске жетті. Бұл қазақстандық спортшының мансабындағы 11-ші жеңісі.

Биыл жарқын жеңістерге жеткен Жасұлан Әкімжанның Алматыда жолы болмады. Ол Ресейден келген Владислав Королевскиймен кездескен. Бірінші раундта ресейлік спортшы қылқындыру әдісін қолданып, Жасұлан Әкімжанның екінші жеңілісіне сеп болды.

Сәбит Жүсіпов те жеңіліп қалды. Ол бразилиялық Тарцизио Гомеспен жұдырықтасқан. Жекпе-жек бар болғаны бірінші раундта аяқталды. Бразилиялық файтер Сәбит Жүсіпов ауыр нокаутқа түсірді.

Кештің маңыздылығы жағынан екінші жекпе-жегі саналған Игорь Свирид — Адриано Родригес (Бразилия) арасындағы текетірестің жеңімпазын төрешілер анықтады. Қазылар жеңісті соңғы екі жылда ұтпаған қазақстандық файтерге берді.

Алматыдағы кештің басты жекпе-жегінде Дәурен Ермеков пен ресейлік Артур Гусейновпен кездесті. Бәсекеге орта салмақтағы GFC уақытша чемпиондық белбеуі қойылды. Үш раундқа созылған жекпе-жекте қазақстандық спортшы төрешілердің шешімімен жеңіске жетіп, чемпиондық белбеуді иемденді.