Австрияға қарсы ойын Астанада өтетін болды

Австрияға қарсы ойын Астанада өтетін болды

Теннистен келесі жылы өтетін Дэвис кубогы жолындағы жарыстың негізгі бөлігіне Қазақстан құрамасы да жолдама алған еді. Алғашқы кезең ойындары қай жерде өтетіні таяуда толықтай анықталды. Ал әзірге белгілісі, 1/8 финалдық бәсекеде Австрияның ерлер құрамасымен күш сынасатын Қазақстанның теннисшілері матчты 2013 жылдың 1-3 ақпан аралығында Астана қаласында өткізеді.

Әрине, жауапты бәсекенің өз жерімізде, өз жанкүйерлеріміздің көз алдында өткені біздер үшін қолайлы. Алайда босаңсуға еш болмайды. Себебі қарсыластарымыз өте тәжірибелі. Олар Дэвис кубогы жолындағы жарысқа сан мәрте қатысып, кей кездері тәуір нәтижеге қол жеткізе білді. Бүгінгі таңда Австрияның ең үздік ойыншысы Юрген Мельцер әлемдік рейтингте 29-орында тұр. Әлемнің 104-ракеткасы Андреас Хайдер-Маурердің де аяқ алысы жаман емес. 

Шеберлік деңгейі жағынан жерлестеріміз Мельцермен теңесе алмағанымен, өзгелерінен басым түсуге тиіспіз. Бұл ретте біз Михаил Кукушкин мен Андрей Голубевке зор сенім артамыз.

 

Дайындаған: Болат Қосмағамбет

сурет: alaman.kz

Б. Қосмағамбет