Қанат Исламның менеджері: "Канелоны" Қазақстанға әкелеміз

Қанат Исламның менеджері: "Канелоны" Қазақстанға әкелеміз
Фото: Айбар Рысдәулет © Massaget

Алматы төрінде кәсіпқой боксшы Қанат Ислам мансабындағы 27-ші жекпе-жегін өткізеді. Бұл жолы оның қарсыласы намибиялық Уолтер Каутондоква болмақ.

Жекпе-жек алдында боксшылар дәстүрлі салмақ өлшеу рәсіміне қатысты. Қанаттың салмағы қарсыласынан жеңілдеу болып шықты. Уолтер 71,950 кило болса, Қанаттың салмағы 71, 900 килоны көрсетті.

Намибия елінен келген боксшы Уолтер Каутондоква мансабында 19 жекпе-жек өткізген. Оның тек біреуінде жеңіліс тапқан екен. 2018 жылы WBO-ның орта салмақтағы чемпионы Деметриус Андрадемен (26-0, 17КО) қолғап түйістірген. Америкалық боксшыға төрешілер шешімімен есе жіберіп, алғаш рет жеңілістің кермек дәмін татқан. Ал қалған 18 жеңісінің 17-ін уақытынан бұрын аяқтап отырған. Ал Қазақстан бір ғана мақсатпен келгенін жасырмады:

- Мен Қазақстанға Қанат Исламды сынау үшін, не оның қабілетін білу үшін келген жоқпын. Мақсатым - чемпиондық белбеу. Ертең бұл белбеу Намибияға кетеді, Қазақстанда қалмайды, - дейді Уолтер Каутондоква

Кештің басты жекпе-жегінде намибиялық боксшымен жұдырықтасатын отандасымыз Қанат Ислам жанкүйерлерді бокс кешіне шақырды:

- Дайындығым тамаша. Ертең керемет бокс кеші болады. Менімен бірге шаршы алаңға артымнан ерген 9 інім шығады. Бәрі сен тұр, мен атайын деген жігіттер. Қарсыласым өте тәжірибелі боксшы. WBO рейтингінде 9-шы орында тұр. Біз жекпе-жектен кейін де тәжірибелі боксшыларды шақыратын боламыз. 

Жиналған жанкүйерлердің көңілін Қанат Исламның менеджері Нелсон Лопес көтеріп тастады. Оның айтуынша, жақын уақытта орта салмақта WBA (super), WBC және IBF тұжырымдарының чемпионы Сауль Альваресті Қазақстанға әкеледі:

- Біз Қанатпен бәріне дайынбыз. Қазір рейтингіде 8-ші орында тұрмыз. Алайда біз нөмірі бірінші болуымыз керек. Егер жетістікке жеткіміз келсе ертең "Канелоны" жеңуіміз керек. WBO болсын, WВС болсын, айырмашылық жоқ. Түбінде "Канелоны" Қазақстанға әкелетін боламыз. Біз GGG басында болған жағдайды қайталамаймыз. Қолымыздан келгеннің бәрін жасаймыз. Егер "Канело" салмағын ауыстырғысы келмесе, Қанат соның салмағына өтеді. Бір білерім, бұл жекпе-жек болады. 

Мен бұл жерде айлық үшін, ақша үшін жүрген жоқпын. Командам да ол үшін жүрген жоқ. Біздің мақсатымыз - әлем чемпионы болу және сол жолда еңбек етеміз. Бұл менің соңғы 9-10 жылдағы арманым, - дейді Нелсон Лопес. 

Бокс кешінде жанкүйерлер 9 бірдей жекпе-жекті көре алады. Оның жетеуінде қазақстандық боксшылар шаршы алаңға шығады.

Дәулет Дәукенов (5-1, 3 КО) — Иван Петров (Молдова, 3-1-1)

Сапарбай Айдаров (3-0, 3 КО) — Ярослав Манюлов (2-2-0)

Бексұлтан Раушанов (Өзбекстан, 5-1, 3 КО) — Александру Ионита (Румыния, 7-1-1, 5 КО)

Нұрсұлтан Аманжолов (1-0) — Михал Банбула (Польша, 13-31-4)

Асқар Ерубек (1-0, 1 КО) — Владислав Баранов (Украина, 6-4-2, 4 КО)

Арман Рысбек (6-0, 5 КО) — Мухитдин Ражапбаев (Өзбекстан, 10-6-1)

Ақетелиеке Жиенси (Қытай, 10-3-3, 2 КО) — Максим Воронин (Украина, 3-0, 1 КО)

Руслан Мырсатаев (6-0, 6 КО) — Юрий Бухауцоу (Беларусь, 18-1)

Айта кетейік, Қанат Ислам соңғы жекпе-жегін 5 шілде күні өткізді. Алматыда Доминикан Республикасынан келген Хулио де Хесусты 14 секундта нокаутқа түсірген болатын.

Қанат Ислам мен Уолтер Каутондоква арасындағы жекпе-жек кеші ертең Нұр-Сұлтан уақытымен сағат 17:00-де басталады. Алматыдағы Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында өтеді. Тікелей эфирде QazSport арнасы көрсетеді. Эфирге 19:00-ден бастап шығады.

 
А. Рысдәулет