Месси – жыл үздігі. Әділетті ме?

Месси – жыл үздігі. Әділетті ме?

24 қыркүйек күні Халықаралық футбол қауымдастықтары Одағы (ФИФА) Миланда жылдың үздік футболшыларын марапаттады. Ерлер арасында "The Best" сыйлығына Лионель Месси ие болды.

Аргентина ұлттық құрамасы мен каталониялық "Барселонаның" шабуылшысы бұл атаққа алғаш рет қол жеткізіп отыр. Ол шешуші кезеңде Криштиану Роналду (Ювентус) мен Вирджейл Ван Дейкті (Ливерпуль) басып озды.

"France Football" журналы 2016 жылдан бастап Халықаралық футбол қауымдастықтары одағымен (ФИФА) келісімін үзген болатын. Нәтижесінде басылым "Алтын доп" иегерін өздері анықтаса, ФИФА "The best" сыйлығын табыстауды қолға алған еді. Биыл "The Best" сыйлығы төртіншіі рет табысталды. Мессиге дейін Роналду екі рет алса, өткен жылы Лука Модрич жеңіп алған.

"Барселона" Мессидің үздік атанудағы 17 сырын ашты

ФИФА нұсқасы бойынша жылдың үздік футболшысы ұлттық құрамалар жаттықтырушылары мен капитандары, журналистер мен жанкүйерлердің дауыс беруі арқылы анықталды. Алайда Eurosport басылымының хабарлауынша, ФИФА сауалнаманы қолдан толтырған болуы мүмкін. Никарагуа құрамасының капитаны Хуан Баррера 2019 жылдың үздік ойыншысын анықтау үшін дауыс бермегенін мәлімдеді.

"Мен Мессиге дауысымды берген жоқпын. Мессиді жылдың үздік ойыншысы деп таныған капитандар тізімінде есімімлі көргенде қатты таңғалдым. Өйткені биыл мен дауыс беруге қатысқан жоқпын. ФИФА менің электронды поштама дауыс беру үшін сілтеме жібергенін айтты, бірақ мен оны алған емеспін. Мессиге дауыс бермесем тізімде қалайша менің есімім жүр?",  – деп таңданысын білдірді Хуан Баррера Libertad Digital басылымына берген сұқбатында.

Сауалнамаға қатысқан ұлттық құрамалардың капитандары тізімінде Хуан Баррера бірінші орынға Лионель Мессиді ("Барселона"), екінші - Садио Мане ("Ливерпуль"), ал үшінші сатыға Криштиану Роналдуды ("Ювентус") қойған деп көрсетілген.

Ал Қазақстан құрамасының капитаны Бауыржан Исламхан "жылдың үздік ойыншысы" деп Криштиану Роналдуды ("Ювентус") таңдаған. Одан кейінгі орындарға Френки де Йонг ("Барселона") пен Харри Кейнді ("Тоттенхэм") қойған. Бас бапкер Михал Билек болса ПСЖ-ның жас шабуылшысы Киллан Мбаппені үздік деп таныды. Екінші Криштиану Роналдуға ("Ювентус"), үшінші Вирджил ван Дейкке ("Ливерпуль") дауыс берген.

Бір қызығы сауалнамада Лионель Месси осымен қатарынан екінші рет Криштиану Роналдуға дауыс берген. Аргентина ұлттық құрамасы капитаны ретінде сауалнамаға қатысқан Месси үздік ойыншылар үштігін – Садио Мане, Криштиану Роналду және Френки де Йонг деп атаған. Өз кезегінде Роналду да Френки де Йонгты үздік деп таныған. Сонымен бірге Португалия құрамасының капитаны –  Маттейс де Лигт пен Килиан Мбаппеге де дауыс берген.

Бүгінге дейін жыл үздіктерін анықтау үшін өткізілетін сауалнамада Криштиану бірде-бір рет Мессиге дауыс бермеген, ал аргентиналық ойыншы бұл жағынан жомарттық танытып келеді. Ол 2018 жылы Роналдуды үшінші орынға лайық көрген болса, 2019 жылы екінші орынға лайық деп тапқан. 

Дауыс берудің қорытындысы бойынша бірінші орынға Лионель Месси ("Барселона") алды. Ол 46 ұпай жинады. Ал 38 ұпай алған ван Дейк екінші болды. Үштікке 36 ұпаймен Криштиану Роналду да енді. Осылайша алтыншы мәрте жылдың үздігі атанған Месси бұл көрсеткіш бойынша жеке дара көш бастады. 

Дегенмен дауыс берудің нәтижесімен келіспейтіндер көп болып шықты. "Арсеналдың" бұрынғы ойыншысы Пол Мерсон сауалнаманы "циркке" теңеп, күйінішін жеткізді: "Кешірім сұраймын, бірақ бұл сандырақ қой. Месси жыл сайынғы көрсеткішін қайталап жүр. Ол жаңа деңгейге көтерілген жоқ, "Барселонаны" Чемпиондар лигасында жеңіске жетелеген жоқ. Мұндай марапатты ерекше жетістіктер үшін береді емес пе. Ван Дейк "Ливерульмен" Чемпиондар лигасын жеңіп алды. Дауыс берудің нәтижесі күлкіңді келтіреді. Тура цирк іспетті!".

Тіпті, Мессидің "Барселонадағы" бұрынғы әріптесі Самуэль Это'О да оны үздік деп танымайтынын айтты: "Мен үшін үздіктер – Салах пен Мане, бірақ олар мұнда жоқ".  Ал даңқты аяқдопшы Роналдо болса,  "The best" сыйлығына Мессиден гөрі ван Дейк лайық деп санайды екен: "Марапатқа кім лайық? Бәлкім, ван Дейк шығар. Вирджил – керемет футболшы. Ол өткен маусымда жақсы нәтиже көрсетті. Бұл сыйлыққа Мессиден гөрі ван Дейк лайық деп есептеймін", - дейді бразилиялық футболшы. Қыздар арасында жылдың үздік ойыншысы атанған америкалық футболшы Меган Рапино "Бұл сыйлықты Вирджил алуы қажет еді. Ол өте мықты" деген пікірде.

Үздіктерді марапаттау рәсімінде Месси команданың жетістігі маңызды екенін атап өтіп, өзіне дауыс бергендерге алғысын айтты: "Мені үздік деп санаған әрбір адамға алғысымды айтқым келеді. Мен үшін жеке марапаттан бұрын командалық жетістіктер жоғары тұрады".

А. Рысдәулет