Балуан қызымыз Олимпиада жолдамасын жеңіп алды

Балуан қызымыз Олимпиада жолдамасын жеңіп алды
Фото: olympic.kz

Нұр-Сұлтан қаласында өтіп жатқан күрес түрлерінен әлем чемпионатында балуан қызымыз Эльмира Сыздықова 2020 жылғы Олимпиада ойындарының жолдамасына ие болды.

76 килода бақ сынаған Эльмира Сыздықова жұбаныш белдесуде италиялық қарсыласын 10:0 есебімен жеңіп, екінші кездесуінде тайпэйлік спортшыдан басым түсті. Осылайша Эльмира Сыздықова 2020 жылғы Токио Олимпиада ойындарының жолдамасына иелік етіп қана қоймай, қола жүлде үшін өтетін кездесуге қатысады.

Бұған дейін 50 келі салмақта Валентина Исламова лицензияны жеңіп алған болатын. Ол іріктеу кезеңінде франциялық Жюли Сабатье  (11:0) мен 1/8 финалда беларусь Ксения Станкевичтен (12:0) басым түсті. Ал жартылай финал үшін өткен белдесуде түркиялық Эвин Демирханды жеңді. Осылайша, балуан қыздарымыздың ішінен Валентина Исламова алғаш болып Олимпиада жолдамасына иелік етті. 

2020 жылғы Токио Олимпиадасына жолдама саны 16-ға жетті. Бұған дейін Токиоға жолдама жеңіп алғандар:

1. Ришат Хайбуллин (Спорттық құзға өрмелеу)

2. Дмитрий Баландин (100,200 метрге брасс әдісімен жүзу)

3. Ольга Рыпакова (Жеңіл атлетика)

4. Георгий Шейко (Жеңіл атлетика)

5. Евгений Гидич (Велоспорт, шоссе)

6. Классикалық садақ атудан Қазақстан ерлер құрамасы

7. Денис Ганькин (Садақ ату)

8. Ильфат Абдуллин (Садақ ату)

9. Санжар Мусаев (Садақ ату)

10. Виталий Худяков (Ашық суда жүзу)

11. Екатерина Немич (Бейнелі жүзу)

12. Александра Немич (Бейнелі жүзу)

13. Мейрамбек Айнағұлов (Грек-рим күресі)

14. Асхат Ділмұхамедов (Грек-рим күресі)

15. Валентина Исламова (Әйелдер күресі)

16. Эльмира Сыздықова (Әйелдер күресі)

Айта кетейік, танымал Gracenote статистикалық агентігі 2020 жылы Токиода (Жапония) өтетін жазғы Олимпиада ойындарына болжам жасаған болатын. Олардың сараптауы бойынша қазақстандық спортшылар 2 алтын алады. Бұдан бөлек 4 күміс, 5 қола алады деп жазылған. Жалпыкомандалық есепте 11 медальмен 27-орыннан көрінуі мүмкін.

ХХХІІ жазғы Олимпиада ойындары 2020 жылдың 24 шілдесі мен 9 тамызы аралығында өтеді. Төртжылдықтың басты додасында 33 спорт түрінен 339 медальдар жиынтығы сарапқа салынады.

Айта кетейік, Рио Олимпиадасы алдында "Gracenote" қазақ спортшылары 4 алтын 3 күміс 9 қола медаль жеңіп алып, жалпыкомандалық есепте 23-орын алады деп болжаған еді. Бразилия жерінде қазақ спортшылары 3 алтын 5 күміс 9 қола медаль еншілеп, жалпыкомандалық есепте 22-орын алды.

А. Рысдәулет