Tour of Almaty веложарысын Eurosport пен Qazsport арналары көрсетеді

Tour of Almaty веложарысын Eurosport пен Qazsport арналары көрсетеді

Орта Азиядағы ең ірі веложарыстардың бірі саналатын Tour of Almaty-2019 дәстүр бойынша екі телеарнада – отандық Qazsport және 47 елде таратылатын, 60 миллионнан астам көрермені бар әлемдегі ең танымал телеарнаның бірі – Eurosport арқылы көрсетілетін болады.

Жеті жыл бойы қазақстандық велододаның ұйымдастырушылары телекөрсетілімді атақты "Тур де Франс", "Джиро д'Италия" немесе "Вуэльтадан" кем емес, заманауи талаптарға сай таратуда. Ал спорттық телевидение саласында велосипед жарыстарының көрсетілімі ең қиын көрсетілімдердің бірі болып саналады.

Бұл жолы велододаны түсіру үшін 15 телевизиялық камера, 2 жылжымалы телевизиялық станция (ЖТС),  2 жерсеріктік станция (Қазақстанға Kazsat және Еуропаға EUTELSAT), екі мотоцикл және 170-200 метр биіктіктен тікұшақ түсірілім жасайды. Стационарлы камералар арқылы түсірілім жасау үйреншікті нәрсе болғанымен, мотоцикл мен тікұшақ арқылы жұмыс жасау өте қиын техникалық үрдіс.

Сонымен қатар электронды хронометраж, фотофиниш және графикалық деректерді көрсететін испаниялық "Bint 21" компаниясы үшінші жыл қатарынан жұмыс атқаратын болады. Ол компания дүние жүзі бойынша "Вуэльтадан" бастап Азия ойындарына дейін әр түрлі жарыстарда жұмыс атқарған. Tour of Almaty велододасында испаниялық компания көрермендерге қашықтықта дәл осы уақытта болып жатқан оқиғаны секундқа дейінгі дәлдікпен тамашалауға мүмкіндік береді. Ал қажет болып жатқан жағдайда мәредегі суретті миллиметрге дейінгі дәлдікте көруге болады.

Спорт – алдын ала болжауға болмайтынымен тамаша. Мұнда жарыстың маңызды сәттерін бірнеше мәрте қайталап, алдын ала дайындалу мүмкін емес. Сондықтан көрсетілім барысында шығармашылық топқа бірнеше сағат бойы мұқият болу қажет және бұл үлкен тәжірибе мен жоғарғы кәсібилікті талап етеді. 

Биылғы жылы жетінші мәрте ұйымдастырылып жатқан Tour of Almaty екі күн – 30-31 тамыз күндері өтеді. Бірінші кезең қорытындысы бойынша Qazsport бір сағаттық бағдарлама көрсетеді. Екінші кезеңді қазақстандық спорттық телеарнадан толықтай тікелей эфирден тамашалауға болады. Сонымен қатар 2-кезеңді Eurosport 31 тамыз күні Нұр-Сұлтан уақыты бойынша 14:00-ден 15:00-ге дейін көрсетеді.  Бұл уақыт аралығына жарыстың мәресі мен маңызды сәттер кіреді.

Естеріңізге сала кетсек, халықаралық кәсіби Tour of Almaty веложарысы қатарынан үшінші мәрте екі күн бойы өтеді. Алғашқы сайыс күні, 30 тамыз қатысушылар "Индустриалды саябақ" аумағында 118,6 шақырым жарыс жолын бағындырады. Екінші сайыс күні, 31 тамыз Tour of Almaty бұрынғы жарыс бағыты бойынша, финиші "Медеуде" орналасқан, 160 шақырымдық  2-кезең өтеді.

А. Рысдәулет