Киберспорттың көшбасшылары. Үздік 10 команда

Киберспорттың көшбасшылары. Үздік 10 команда
Фото: коллаж

Қарыштап дамып келе жатқан XXI ғасырдың спорт түрі – киберспорт. Компьютер ойынынан түрлі турнирлер миллиондаған көрермен жинап, әлемнің түкпір-түкпірінен жаңа ұйымдардың құрылуына сеп болуда. Оған қоса соңғы жылдары еселене түскен қаржының арқасында киберспорт біраз спорт түрлерінен басып озды. Осы орайда Massaget.kz назарларыңызға киберспорт әлеміндегі алпауыт 10 ұйым әрі командалардың рейтингін ұсынады.

Team Liquid

Еуропадағы ең ірі киберспорт ұйымдарының бірі. Құрамында 14 тәртіп бойынша бақ сынайтын командалары бар. Ал үздіктері - Counter Strike: Global Offensive, Dota 2, League of Legends, Heartstone. Бұл ұйым киберспорттың енді аяққа тұрған уақытында құрылған. Нақтырақ айтқанда 2000 жылы. Team Liquid ұйымының негізін қалаушы Виктор Гусенс бастапқыда қарапайым сайт ретінде ашқан екен. Сол кездегі 17 жасар бала өзі секілді стратегиялық ойындарға қызығатындар үшін арнайы форум жасап, бар білгендерімен бөлісе алатын алаң етіп ашқан.

Team Liquid порталы 10 жыл бойы жанкүйерлер сайты болып, еріктілердің арқасында жұмыс істеп тұрды. Бірақ 2010 жылы ойын нарығында бұзып-жарып енген StarCraft 2 ойыны порталдың өмірін өзгертті. Team Liquid порталдан киберспорттық ұйымға бет бұрды. Арада екі жыл өткенде Dota 2 ойынынан команда жиналып, 2017 жылы The International турнирінде топ жарды.

Evil Geniuses (қысқаша EG)

1999 жылы Солтүстік Америкада құрылған ұйым. Әу баста EG компаниясы киберспорт нарығында пайда табу үшін құрылғанын ашық мәлімдеп, дарынды ойыншыларды іздеу бастады.

Evil Geniuses 2011 жылы көшбасшы киберспорт ұйымдарының ара-қатынасын нығайту мақсатында құрылған G7 Teams федерациясының мүшелігіне енді. Ал араға 3 жыл салып Twitch стриминг жүйесі команда көз салып, бір жыл өткеннен соң The International 2015 жарысында қарсылас шақ келтірмейді. Ұйымның көшбасшы ұжымдары Dota 2, Counter-Strike және StarCraft II тәртіптері бойынша бақ сынайды.

Киберспорт — бұл спорт! Неге?

Team OG

Бұл ұжым өзгелерге қарағанда кеш құрылған. 2015 жылы өздерін Business деп атаған ойыншылар Dota 2 ойыны бойынша бақ сынауға бел буады. Әуесқой ойыншылар күтпеген жерден MLG World Finals 2015 турнирінде 3-4 орындарды иемденіп, The Frankfurt Major 2015 додасының іріктеу кезеңінде жеңіске жетеді. Бұл жетістіктен соң Twich-тің бәсекелесі Hitbox стриминг жүйесі қолдау көрсете бастайды. Team OG деген атау алған киберспортшылар бірден жоғары нәтиже көрсете білді. The Frankfurt Major, The Manila Major, The Boston Major, The Kiev Major секілді турнирлерде қарсылас шақ келтірмеген Team OG 2018 жылы беделді The international турнирінің шыңын бағындырады.

NewBee

Аспан асты елінде құрылған NewBee ұйымы 2014 жылы біраз шу көтерді. Құрамында Dota 2 ойынынан кілең мықты ойыншыларды жинаған Newbee сол жылы The International турнирінде теңдессіз екендерін дәлелдейді. Бірақ ұзақ уақыт өтпестен команданың белді ойыншылары өзге ұжымдарға ауыста бастады. Көшбасшыларынан айырылған NewBee біраз әлсірегенімен әлі күнге мықты командалардың қатарында. Қазір Young және NewBee.Miracle екі ұжымы бар.

Қаржысы көп киберспорт. Үздік 10 ойын

Fnatic

2004 жылы 23 шілде күні Лондонда негізі қаланған Fnatic ұйымы Counter-Strike ойынынан ерекше нәтижелерге жете білді. Төрт жылдың ішінде Fnatic қолдау тауып, біраз жарыстарда топ жарды. MSI, SteelSeries, Raidcall, EIZO секілді демеушілер қолдау көрсету үшін кезекке тұрған уақыт болған. Артынша Fnatic ұйымы киберспорттағы ықпалын арттыру үшін Оңтүстік Кореяда өкілдігін ашады. Бүгінгі күні ұйым киберспорттың барлық тәртібінде бақ сынайды.

LGD Gaming

Қытайлық тағы бір алпауыт. 2009 жылдан бастап Dota 2, League of Legends және Counter-Strike: Global Offensive тәртіптері бойынша сынға түсіп жүрген ұйымның көшбасшылары жылда ауысқанымен нәтижесінің төмендемейтінімен ерекшеленеді. Азия құрлығында біраз жетістікке жеткенімен әлемдік деңгейде жолы болмай жүрді. Алайда өткен жылы франциялық футбол алпауыты Пари Сен-Жермен клубымен келісімшартқа отырып, PSD.LGD Gaming деген жаңа атау алғаннан соң істері ілгерілей бастады. Соның бір дәлелі - EPICENTER XL турнирінің финалында Team Liquid командасын жеңіп, жеңімпаз атануы.

Үздіктердің үздігі. ТМД киберспорт командаларының рейтингі

ViCi Gaming

Dota 2, League of Legends, Heartstone және FIFA ойындары бойынша команда жинақтап 2012 жылы киберспорт әлеміне жол тартқан. ViCi Gaming екі жыл бойы әлсіздердің қатарында жүрген. Алайда 2014 жылы күтпеген жерден The International турнирінде жүлдеге ілініп, өздеріне деген сенімі артқаннан соң оңай шағылар жаңғақ еместігін дәлелдеу бастады. 2015 жылы құрамында біраз өзгерістер жасап, СS:GO-дан жаңа команданы қосты.

Wings Gaming

Dota 2 ойыны бойынша бақ сынайтын команда. Жас ұжым 2014 жылы ғана құрылған. Бастапқыда тек әуесқойлар жиналған команда көп тер төккеннен соң нәтиже көрсете бастады. 2016 - Wings Gaming үшін әзірге үздік жыл болды. The Summit 5 турнирінің финалында Team OG командасын жеңіп, The International 2016 жарысына жолдама алды. Өздерінің әдемі ойынымен 10 миллион АҚШ долларын жеңіп алып, әлем назарын өзіне қаратты. Тәуекелге көп баратын, шабуылды ұнататын команданың ойын стилі көптің жүрегінен орын алды. Алайда бұл өз кезегінде тұрақты жеңіске жету жолында кедергі болатын.

Киберспорттан ел намысын қорғап жүрген командалар

Virtus.Pro

Ресейлік кибеспорт жобасы. 2003 жылы құрылған ұйым танымбелгісінде аюдың суретімен ел арасында танымал болған. Бастапқыда тек Counter-Strike ойынынан команда жинаған Virtus.Pro Dota-дек команданы тек 2007 жылы құрды. Ал 2009 жылы жұмысын тоқтатып, командаларын таратып жіберді. Арада екі жыл өткенде қайта құрылып, жаңа деммен киберспорт әлеміне сүңгіп кетті. 2015 жылы 100 миллион доллар инвестиция тартқан Virtus.Pro қазір әлемнің үздік ұйымдарының бірі саналады. Тіпті, Dota 2 және Counter-Strike ойындарынан қыздар командасын жинап, аса танымал емес Paladins, Quake Champions, Artifac секілді ойындарға да назар бөледі.

Invictus Gaming

2011 жылы Қытай бизнесмені Ванг Сиконгтың бастамасымен құрылған Invictus Gaming ұйымы қазіргі таңда мықтылардың мықтысына айналған. Құрамында League of Legends, StarCraft II және Dota 2 ойындарынан бақ сынайтын ұжымдары бар. The international 2012 турниріндегі жеңісінен соң команда қарыштап дами бастады. Алайда әдемі ойын көрсете білгенімен, финалдық кезеңдерде сәтсіздікке ұшырайтын. Тек 2018 жылы ғана ірі турнирде жеңіске жетті. League of Legends ойынынан әлем чемпионатында кәріс командасын ұтып, кубокты иемденді.

Киберспорт жайлы қызықты фильмдер

P.S. Әрине, әлемнің үздік 10 командасының қатарына қазақстандық Avangar командасы кірмейді. Бірақ сонда да...

Avangar

Құрылғанына көп өтпесе де біраз жетістікке жетіп үлгерген. 2016 жылы Қазақстанда құрылған бұл ұйымда танымал Counter-Strike:Global Offensive және PlayerUnknown's Battleground ойындарынан сынға түсетін командалар бар. Бұл ұйымның жігіттері екі ойыннан да жақсы нәтижелерге жетіп жүр. CS:GO және PUBG құрамдары онлайн және LAN турнирларында, іріктеу жарыстарында алдыңғы қатарлардан көрініп жүр. Бір жарым жылда Avangar ТМД елдерінде - екінші, әлемдік рейтингіде 13-ші орынға көтерілді. Жақында  CIS Minor Championship — Katowice 2019 турнирінде жеңіске жетті. Одан кейін Бразилияның Рио-де-Жанейро қаласында өткен DreamHack Rio de Janeiro 2019 турнирінде қарсылас шақ келтірмеді. Халықаралық турнирде қазақстандық AVANGAR ұжымынан бөлек FURIA eSports, Sharks Esports, Valiance & Co, INTZ eSports, W7M Gaming, eUnited, Redemption POA командалары бақ сынады.

А. Рысдәулет