Головкинді өзімен жасты маман жаттықтырады

Головкинді өзімен жасты маман жаттықтырады
Фото: twitter.com (MottaJaime)

Қазақстандық кәсіпқой боксшы Геннадий Головкин арнайы баспасөз жиынын өткізіп, жаңа жаттықтырушысын таныстырды. Отандасымызды америкалық Джонатан Бэнкс жаттықтыратын болды.

36 жастағы Джонатан Бэнкс Головкиннен 3 айға кіші. Кезінде боксшы болған. Мансабындағы ірі жетістігі – IBO тұжырымы бойынша әлем чемпионы болған. Солтүстік Америка құрлығындағы NABO тұжырымы бойынша чемпиондық белбеу иегері.

Америкалық жаттықтырушы осыған дейін украиналық Виталий Кличкомен де бірге жұмыс жасаған. Әйгілі Эмануэль Стюардқа көмекші болған. Қаза болғаннан кейін украиналық боксшыны 6 жекпе-жекке бастап шықты.

Ол жаттықтырған боксшылар қатарында британдық аса ауыр салмақтағы Диллиан Уайт та бар. Қазіргі таңда ол абсолютті әлем чемпионы норвег қызы Сесилия Брекхаусты да жаттықтырады.

- Джонатан мені жаңа жұдырықтасу әдістерімен үйрететін болады. Біз ерінбей-жалықпай жұмыс жасап, мақсатқа жету үшін бар күшімізді саламыз. Әлемге тағы ерекше шоу көрсеткіміз келеді. 8 маусым күні Madison Square Garden аренасында Big Drama Show-ды тағы бір қырынан танытатын боламын, - деді GGG.

- Мен әрқашан GGG жанкүйері болдым. Ол тіпті әуесқой бокста жүрген кезінің өзінде. Оны Олимпиада кезінде көріп, талантына таңданғанмын. Маған хабарласқанда, қуана келістім. Біздің мақсатымыз бір. Ол – Генадийді ресми түрде өз тағына отырғызу. Осыған лайықты боксшы. Оның Канелоға қарсы екі жекпе-жегі Шугар Рэй мен Томми Хирн кездесуін еске түсірді. Головкиннің онымен қайта жұдырықтасқанын асыға күтемін, - деді баспасөз кезінде Джонатан Бэнкс.

Айта кетейік, Геннадий Головкин бұрынғы жаттықтырушысы Абель Санчеспен келісімшарты аяқталғанын сәуір айының соңында хабарлаған болатын. Мексикалық маман отандасымызды 2010 жылдан бері жаттықтырған.

GGG шаршы алаңға 8 маусым күні оралады. Нью-Йоркте канадалық боксшы Стив Роллспен жұдырықтасады.

Н. Үсенова